Халықаралық балаларды қорғау күні – ерекше қуаныш пен мейірімге толы шуақты мейрам. Баланың күлкісі мен бақытынан артық ештеңе жоқ екенін осы мерекеде айқын сезінеміз. Жаз айының алғашқы күнімен тұспа-тұс келген айтулы күн қарсаңында облыстық ақпарат және қоғамдық даму басқармасының «Қоғамдық келісім» мекемесінің ұйымдастыруымен «Бірлік – бақытты балалықтың кілті» атты балаларға арналған мерекелік концерт өтті.
Оған басқарма басшылығы мен этномәдени бірлестіктердің өкілдері, өңірлік Ассамблея жанындағы құрылымдардың жетекшілері, этнос өкілдерінің ата-аналары мен балалары қатысты. Ел егемендігінің ертеңі – бүлдіршіндерге мекеме басшысы Мубарак Жинақбаева мерекелік ақ тілегін арнады.
–Барлық кішкентай балғындарымызды осы шуақты мерекемен құттықтаймын. Бұл – өскелең ұрпақтың амандығына, денсаулығы мен қауіпсіздігіне аға буын жауапты екенін еске салатын мереке. Еліміздегі әр бала мейірімге бөленіп, балалық шағын бақытты әрі қызықты өткізуге тиісті, – деп атап өтті.
Бұл күні аталмыш мекеме айналасы балалардың күлкісі мен қуанышына бөленді. Балғын бүлдіршіндер үшін арнайы дастархан жайылып, тәтті тағамдар үлестірілді.
Сондай-ақ, аймақтағы цирк өнерінің таланттары Талап Таубеков және «Балауса» цирк ұжымының өнерпаздары қызықты шоу бағдарламаларын ұсынып, балалардың көңіл күйін көтерді. Әсіресе, 3 метрлік питон тұқымды сары жыланмен билеген аталмыш цирк әртісі Дилана Жорабекованың өнеріне балалар мәз-мейрам болысты. Бүгінде аймақта Ақниет деген атаумен кеңінен танымал болған салмағы 20 келіні құрайтын жыланмен кішкентай қонақтарымыз суретке түсіп, қызыққа кенелді.
Одан кейін балалар мекеме ауласына шығып, асфальтке сурет салып, жарысты. «Болашағымыз жарқын – Қазақстан» атты сурет сайысында балалар еліміздегі бейбітшілік пен достықты, қоғамдық келісім мен бақытты балалық шақты бейнеледі.
Жас қаламгерлердің туындыларына мекеме басшысы Мубарак Қасымқызы, көрме залының меңгерушісі Жазира Шілдебаева, дизайнер, суретші, «Тараз суретшілер одағы» ҚБ құрылтайшысы, «Қолөнер-Тараз» ҚБ мүшесі Елена Голубинская бағасын берді. Қазылар құрамының шешімімен 10 жасар Плетнева Ангелина және 7 жасар Мухамад Құдайбергенов І орынды иеленсе, байқаудың ІІ орынына 10 жастағы Хабиба Мамедова және Иделия Ельбрусова лайық деп табылды, ал ІІІ орын 5 жасар Салим Турдыев пен Айша Шариповаға және 10 жасар Леонид Канға бұйырды.
Мерекелік шара соңында жеңімпаздар мен жүлдегерлер марапатталды.