«Кемел келешекке – кемеңгер Елбасымен!»

12

Қазақстан халқы Ассамблеясының ғылыми-сараптамалық тобы «Кемел келешекке – кемеңгер Елбасымен» атты ғылыми-тәжірибелік  конференция өткізіп, оған этномәдени бірлестіктердің белсенділері, медиаторлар, ақсақалдар мен аналар кеңесінің мүшелері қатысты. Конференция жұмысын  ғылыми-сараптамалық топ  төрағасының орынбасары, М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің «Қазақстан халқы Ассамблеясы» кафедрасының меңгерушісі, философия ғылымдарының кандидаты Парида Мамедова ашып, жүргізіп отырды. Іс-шараның басты мақсаты қазақстандық  патриотизмді қалыптастыру, әсіресе жастар арасында рухани-адамгершілік, ортақ тарихи-мәдени құндылықтарды өсіру, «Мәңгілік ел» патриоттық актін қоғам санасында бекіту.

Конференцияда  облыстық Қазақстан халқы ассамблеясының ғылыми-сараптамалық тобының мүшесі Режеп Баярисов, бас сарапшы Лариса Лысова, М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің «Дулатитану» орталығының директоры, тарих ғылымдарының кандидаты Жанна Сейтқұлова, «Архыз» қарашай-балқар этномәдени орталығының жетекшісі Леля Узденова, жетекші-сарапшы Ербол Каншимбаев  баяндама жасады.

Ғылыми-сараптамалық тобының бас сарапшысы Лариса Лысова өз баяндамасында «Бүгінде Қазақстан этносаясатында белгілі бір артықшылықтар қалыптасқан: Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың сарабдал саясатының арқасында этнос пен діни көзқарасқа қарамастан, азаматтар арасындағы тең құқықтық құрылып, жүзеге асырылған, қазақстандық біртектілік пен бірлік қалыптастырып, нығайып, этностардың мүдделерінің қалыптастырылуы жоғары мемлекеттік дәрежеде»,- деп атап өтті.

Конференция соңында қатысушылар өз ойларымен бөлісе отырып,  Тәуелсіздіктің мерейтойына қарсы қабылданған жаңа мақсаттарға жол бастайтын декларацияны талқылады.

Құқық қорғау және арнайы органдар мамандарымен кездесу

11

Еліміз егемендік алған күннен бастап этносаралық және конфессияаралық  келісімді нығайтуды Қазақстан басшылығы өз қызметінде  басым міндеттердің бірі ретінде белгіледі.

«Қоғамдық келісім» мемлекеттік мекемесінде құқық қорғау және арнайы органдар мамандарының қатысуымен этносаралық және конфессияаралық қатынастар саласындағы заңдылықтар тұрғысында дөңгелек үстел отырысы болып өтті. Аталмыш жиынға облыстық  Ішкі істер департаменті, прокуратура, облыстық сот органдары мен ішкі істер саясаты, дін істері, жастар,  білім және мәдениет басқармаларының өкілдері қатысты.

Жиналғандар алдында облыстық  ІІД әкімшілік полициясы, облыстық жергілікті полициясы басшысының орынбасары, №2 Тараз қалалық сотының судьясы этносаралық және конфессияаралық қатынастар саласындағы заңдылықты қамтамасыз ету барысы  бойынша  сөз сөйледі.

«Қазақстан халқы Ассамблеясы – ұлтаралық татулықты сақтауды қамтамасыз ететін қоғамдық-саяси институт. Бүгінгі күнде Қазақстан этносаралық және дінаралық  плюрализм мен толеранттылықтың арқасында саяси тұрақтылығын сақтап отырған бірден-бір мемлекет. Қазірде елімізде 140 өзге ұлт өкілдері мен 40-тан аса дін бар. Бейбітшілік пен татулық, азаматтық келісім, діни көзқарастарға деген төзімділік, қоғамдық өмірдегі өзге ұлт мәдениетіне тең құқықтық – Тәуелсіздік алғаннан бергі қазақ елінің ерекше саяси ұстанымы», – деп атап өтті өз сөзінде №2 қалалық соттың судьясы Нұрлан Даулыбаев.

Жиын барысында  қатысушылар арасында этносаралық және конфессияаралық қатынастар  мен мемлекеттік этносаясаттың көкейкесті мәселелері талқыланды. Әсіресе, білім беру саласы мен ғылыми ұйымдастырушылық мәселелеріне ерекше мән берілді. Дөңгелек үстел отырысын қорытындылай отырып, қатысушылар жастарды патриоттық сезімге баулуға,  этносаралық және конфессияаралық келісімдерді берік ұстануға және өзге де іс-шараларды ұйымдастыруды жоспарлады. Себебі этносаралық қатынастар конфессияаралық  диалогсыз мүмкін емес.

Халықаралық диалог

10

Бір жыл уақыт ішінде «Жамбыл облыстық еврей этномәдени орталығы» қоғамдық бірлестігі «Керемет орта» сайты мен еврей ашық телеканалының өкілдері ұйымдастыруымен өтетін халықаралық диалог алаңының белсенді қатысушысы ретінде өздерін көрсетуде. Әлеуметтік желі арқылы байланысқа Израиль, Қазақстан, Ресей, Литва қалалары шықты. Отбасы құндылықтары, рухани және мәдени салт-дәстүрлер, жастар тәрбиесі тақырыптары кеңінен талқыланатын жобаның бейне жазбасы барлық каналдар мен әлеуметтік желілерде көрсетіледі. Оған Астана, Челябинск, Тараз, Красноярск және т.б. қалалардың еврей қоғамдастықтары қатысуда.

Тараз қаласының №2 орта мектебінде орналасқан студияға еврей этномәдени бірлестігі, жастар қанаты, аналар мен ақсақалдар кеңестерінің өкілдері, қала мектептерінің ұстаздары мен психологтары және қонақтар шақырылды.

Сайт модераторлары Ксения Кулагина мен Руслан Муртазин аудиторияға жаңа таныс емес тақырып – рухани әлемнің әуені туралы әңгімелесуді ұсынды. Бұл әлеммен әлі ешкім таныс емес еді.

Израиль операсының солисті, лектор Давид Гроу еврей халқының әндері мерекеде де, шаббатта да орындалатынын айтты. Бірақ оның ішінде ең бір ерекшесі – ол еврей халқының дана философы, Балль Суллам деген лақап атпен белгілі автордың әдемі әуезді әндері. Бұл ешбір әуенге  ұқсамайтын нигун әуені. «Бұл әуен сенің өне бойыңды жаулап, көп нәрсеге ой жүгіртіп, терең ойландыратын әуен», – деді өз сөзінде Давид Гроу.

Видео арқылы гитара мен фаготе дуэті орындаған «Нигун хамоль», «Кригули», «Азамер мешет» әуендерін аудитория көңіл қойып, әрекеше бір сезіммен тыңдады.

Сондай-ақ, модераторлар телекөпір қатысушыларына арнайы тренинг ұйымдастырды. Аудиториядағы атмосфераны сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес, мұнда қатысушылар ашық телеканал мен желілік байланыс арқылы өз ойларымен бөлісіп, пікір алмасты,  қалжыңдасты. Санкт-Петербургтен бастап Красноярскіге дейін жалғасқан рухани меридианның қатысушылары іс-шара соңында «біздер әртүрлі болсақ та, басты құндылығымыз бірдей» деген тұжырымға келді.

Қарттар үйіндегі мерекелік концерт

9

Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25-жылдығына орай, «25 жұлдызды күн» республикалық акциясы аясында Жамбыл облысының «Қоғамдық келісім» КММ мен этномәдени орталықтарының өкілдері «№2 әлеуметтік қызметтер көрсету орталығында» үлкен мерекелік іс-шара ұйымдастырды.

Іс-шараға қатысқан облыс әкімі аппаратының «Қоғамдық келісім» КММ басшысының орынбасары Камал Нарбатыров өз сөзінде қарттарды Тәуелсіздігіміздің 25-жылдығымен шын жүректен құттықтай отырып, оларға зор денсаулық тіледі.

Іс-шара барысында  «Ахысқа» түрік этномәдени бірлестігінің өкілі Мамедалы Аббасов, «Айнұры» татар этномәдени бірлестігінің өкілі Рузалия Ахметшина, қазақ этномәдени орталығынан Гүлсім Мәлікқызы түрлі этностардың халық әндерін орындады. Ал  Азиза Джусипова «Дала еркесі» және «Орыс халқының биі» атты хореографиялық композицияларымен көрермендердің ықыласына бөленді. Жастық шақтарын еске алған қарттар әншілерге қосылып ән шырқап, би де кетті.

«Біздің қарттарымызға осындай көтеріңкі көңіл сыйлағанның өзі бір мереке десе де болады. Ұйымдастырушыларға алғысымыз шексіз, – деді Орталықтағы мәдени іс-шаралардың ұйымдастырушысы Қарлығаш Оралбекова.

Қарттар үйінде тұрып жатқан Валентина апай өз сөзінде: «Бүгін біздер үшін мейірімділік пен қуаныштың мерекесі. Осындай мерекені ұйымдастырып отырған Қазақстан халқы Ассамблеясына көп алғыс айтамыз. Әсіресе, жастарымыз бізді қуантады. Олардың әсерлі әндерін тыңдап, билерін тамашалап отырып, өмірдегі қиын кезеңдеріңді ұмытып та кетесің. Әлі де өмір сүргің келіп кетеді», – деді. Сонымен қатар апайымыз ұйымдастырушыларға мерекелік іс-шараға жиналған көрермендер атынан алғысын білдіріп, осындай кездесулер жиі өткізсін деген ұсынысын айтты.

«Ассамблеяның кішкентай аруы» байқауы болып өтті

8

Тараз қалалық мәдениет үйінде «25 жұлдызды күн» республикалық акциясы аясында, Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай «Қазақстан халқы ассамблеясының кішкентай аруы-2016» байқауы болып өтті. Байқауды қалалық білім бөлімінің қолдауымен Жамбыл облысы Қазақстан халқы ассамблеясы жанындағы Аналар кеңесі және «Карнавал звезд» мерекелік агенттігі ұйымдастырды.

Байқауға облыс орталығындағы бала бақшалардан бес пен алты жас аралығындағы кішкентай бүлдіршіндер қатысты. Мәдениет үйінің сахнасында әр ұлттың өкілінен тұратын 12 кішкентай қыз өнерлерін көрсетіп, көрермендердің ыстық ықыласына бөленді. Байқауға қатысушылардың артында ата-аналардан, туысқандардан, достар мен көршілерден, зал тола көрермендерден құралған үлкен қолдаушы топ тұрды. Байқаудың шарты бойынша қатысушылар әуелі өзін таныстырып, сосын өнерін көрсетуі қажет болды. Көрермендер әрбір кішкентай арудың балалық сезіммен оқыған өлеңдерін, «кордобалеттің» қолдауымен билеген биін, ханшайымның ат-арбамен келуін, «аққу» хореографиялық суреттемесін сол сиқты басқа да ғажайып номерлерін сүйсіне тамашалады. Бағдарламаға қосымша ретінде жүргізушілердің сұрақтарына да жауап бере отырып, кішкентай арулар өздерінің мектепке даярлығын тағы да бір көрсете білді.

Міне, көптен күткен  сәт те келіп жетті. Өңірлік Қазақстан халқы ассамблеясы жанындағы аналар кеңесінің төрайымы Мухаббат Миражапова осындай байқаудың бірінші рет өткізіліп отырғанын және оның осындай сәтті өтуі қуанарлық жәйт екенін атап өтті. Әділқазылар алқасының төрайымы Тараз мемлекеттік педагогикалық институтының «Музыкалық білім» кафедрасының меңгерушісі, «Ғұмырдария» республикалық балалар өнер орталығының облыстағы өкілі Жамал Баймолдаева байқаудың қорытындысымен таныстырып өтті. Байқауға қатысушылардың он екісінің әрқайсысы «Сүйкімді ару», «Күлкісі әдемі ару», «Көрерменнің көзайымы» тағы басқа да ерекшелеу атақтарына ие болып жатты. Байқаудың бас демеушісі –  Тараз инновациялық-гуманитарлық университетінің ректоры, профессор Е.Саурықовтың атынан барлық қатысушыларға балалар жиһаздары, ал «ИП Бейсенбекованың» атынан әрбір қатысушының суреті бейнеленген түрлі-түсті буклеттер табыс етілді.

«Ассамблеяның екінші кішкентай аруы» атағын Іңкәр  Рахматулла (№41 бала-бақша), «Ассамблеяның бірінші кішкентай аруы» атағын Асылай Сәбитқызы (№33 бала-бақша) иеленсе, «Ассамблеяның кішкентай аруы – 2016» атағын Арианна Мингазова (№16 бала-бақшаның тәрбиеленушісі) иеленді.

Ал «Жыл баласы» атағын №9 бала-бақшаның тәрбиеленушісі Амиран Бақбай иеленді.

Ақжелкендіктер балалар үйінде

0

«25 мейірімді іс» акциясы аясында облыстық Қазақстан халқы ассамблеясы жанындағы «Ақ желкен» жастар лигасының мүшелері Сарымолдаев атындағы балалар үйінде барды. Ақжелкендіктерді балалар үйінің тәрбиеленушілері мен ұстаздары жылы қарсы алды. Кездесу жастардың балалар үйінің тәрбиеленушілерімен танысудан, олардың Қазақстан халқы Ассамблеясы мен «Ақ желкен» жастар лигасы туралы әңгімелерінен басталды.

«Ақ желкен» жастар лигасының төрағасы, «Вынхуа» дүнген этномәдени орталығы Ассоциациясы жастар қанатының белді көшбасшысы Зайнуддин Махусеев өз сөзінде: «Біздің басты мақсатымыз қуаныш пен жылулық қай жерде аздау келсе, сол жерге барып қолдан келгенімізді аямау. Сондай жердің бірі осы балалар үйі. Ата-анасы жо бала – қанаты кесілген құспен тең. Біз жастар осы балалардың өміріне аз ғана болса да қуаныш пен мейірімділікті сыйлауымыз керек. Бұл әрбіріміздің өмірімізге тек жақсылық әкелетіні сөзсіз», -деді.

Кездесуге келген жастар лигасының мүшелері балалар үйінің тәрбиеленушілеріне  өз елінің патриоттары болуға шақыра отырып, оларға сабақтарын жақсы оқуға, алға қойған мақсаттарына жетуіне тілек білдірді. Іс-шара барысында жастар мен тәрбиеленушілер үлкен дастархан үстінде бас қосты.  Балалар үйінің тәрбиеленушілері атынан Тимофеев Савели қонақтарға   алғысын білдіріп, әсем әнін орындады. Ұстаздар атынан Тоқмырзаева Нұрзада  жастарға үлкен алғысын айта отырып, алдағы уақытта балалар үйінің тәрбиеленушілерімен қосылып іс-шара өткізуді ұсынды.

Осындай кездесуден  үлкен әсер алған балалар өз қуаныштарын жасыра алмады. Олар қонақтарды қимай шығарып салды.  Жамбыл облысы Қазақстан халқы ассамблеясының жанынан құрылған «Ақ желкен» жастар лигасысының мүшелері өз кезегінде бұл соңғы кездесу емес екендігін  айтып, балалар үйінің тәрбиеленушілерімен қоштасты.

 

Біртұтас тату отбасында

7

Халықтар арасындағы достық – бұл қазақстандықтардың ешбір қиындықтарға қарамастан сақтап қалған Тәуелсіз еліміздің басты игілігі.

Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай «Родонеж» орыс қауымдастығының, «Айнұры» татар-башқұрт, «Вайнах» шешен-ингуш, «Архыз» қарашай-балқар этномәдени бірлестіктерінің ұйымдастыруымен «Жүсіп Баласағұн» атындағы орталық концерт залында достық мерекесіне айналған үлкен іс-шара өтті. Оған әртүрлі ұлт өкілдері қатысты.

Бұл күні сахнада орыс, татар, шешен тілдерінде түрлі әндер мен халық билері орындалды. Олар Қазақстан жері мен еліне деген шексіз махаббатын, елімізде тұрып жатқан халықтар арасындағы достық пен келісімді шырқады.

– Бұл біздің Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығына орай ұйымдастырылған алғашқы іс-шарамыз. Мұнда біз қазақстандықтардың басты игілігі – халықтар арасындағы достығымызды көрсеткіміз келді», – деп атап өтті «Родонеж» орыс қауымдастығының төрайымы Светлана Чаутина.

Достық мерекесінде көршілес Қырғызстаннан қонақтар келді. Бішкек қаласынан келген «Архыз» қарашай-балқар би ансамблі аязды күнді өздерінің кавказдық темпераментімен әсерлі биін орындап көрермендердің ыстық ықыласына бөленді. Бұл биден әсер алғаны соншалық, «Вайнах» шешен-ингуш этномәдени бірлестігінің төрағасы Рамзан Магамадов та ансамбль бишілерімен билеп кетті. Залда отырған көрермендер қол соғып, қошеметке бөледі.

Мереке мәресіне жетті. Көрермендер де, қатысушылар да көтеріңкі көңіл күймен, мерекеден алған әсерлерімен бөлісті.

Жамбыл облысы әкімі аппаратының 

«Қоғамдық келісім» КММ баспасөз-қызметі.

Ассамблеяның тарихы – мемлекеттің тарихы, халықтың тарихы

6

Жамбыл облысының «Қоғамдық келісім» КММ-де этномәдени бірлестіктер өкілдерінің, аналар кеңесі мен «Ақ желкен» жастар лигасы мүшелерінің қатысуымен «25 жұлдызды күн» жобасы аясында «Ассамблеяның тарихы – мемлекеттің тарихы, халықтың тарихы» тақырыбында дөңгелек үстел отырысы болып өтті.

Жамбыл облысы Аналар кеңесінің төрайымы Мұхаббат Миражапова жиналғандарға мемлекетіміздің 25 жылда жеткен келелі жетістіктері туралы кеңінен баяндап берді. – Біз, аналар, қоғамымызға аналық мейірімімізді төгіп, ұрпақтар сабақтастығын сақтай отырып, өмірде болып жатқан қиыншылықтарға төзуге үйретеміз. Отбасында гармониялық қарым-қатынастың болуы дегеніміз, ол біздің ортақ отбасымыз, миллиондаған тұрғыны бар Қазақстанымызда этносаралық және конфессия аралық қарым-қатынасты нығайту.

Барлық этнос арасында бірлікті орнату мен одан әрі сақтап қалу жолдарына ақсақалдар кеңесінің төрағасы Идрис Юнусов тоқталып өтті. «Қоғамымызда Қазақстан халқы ассамблеясының рөлінің артуы дегеніміз ол қозғаушы күш. Бәріміз бірлесіп арманымызды жүзеге асыра аламыз» деп айтып өтті төраға.

«Ахысқа» түрік этномәдени бірлестігінің өкілі, «Ақ желкен» жастар лигасының белді мүшесі Алихан Ахметов: «Біздер, жастарға үлкен жауапкершілік артылғанын сезінеміз. Еліміздің биік армандар мен мақсатқа бейілділігін жастар өз істерімен, жетістіктерімен  дәлелдеуі керек. Сондықтан да біздер «Ақ желкен» жастар лигасының құрамындамыз. Біздер бүгінде өтіп жатқан «25 жұлдызды күн» жобасы аясында Мемлекетіміздің Елбасы қойған мақсаттарына сәйкес біртұтас ұлт келешегінің қалыптасуына өз үлесімізді қосуымыз керек».

Жамбыл облысы әкімі аппаратының

«Қоғамдық келісім» КММ баспасөз-қызметі

Ауданда Қоғамдық келісім кеңесінің отырысы болып өтті

5

Байзақ ауданы әкімдігі жанындағы қоғамдық келісім кеңесінің кезектен тыс отырысы өткізілді. Кеңеске Жамбыл облысы әкімі аппараты жанындағы «Қоғамдық келісім» КММ бөлім басшысы Сәуле Құрманқұлова, осы бөлімнің әдіскері Кенжебай Өмірбеков, облыс ҚХА жанындағы аналар кеңесінің төрайымы Мұхаббат Миражапова, «Ақ желкен» жастар лигасының төрағасы Зайнутдин Махусеев, Қоғамдық келісім кеңесінің мүшелері, ауылдық округ әкімі аппараты жанынан құрылған қоғамдық келісім кеңесінің төрағалары, этномәдени орталықтарының жетекшілері және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.

Отырыста Қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы Жұманғали Құмғанбаев «Байзақ ауданы әкімдігінің жанындағы Қоғамдық келісім кеңесінің атқарған жұмысы туралы» баяндама жасап, атқарылған шаруалар туралы жан-жақты айтып өтті.

Одан соң аудандық  орыс этномәдени орталықтың жетекшісі, Жамбыл облыстық қоғамдық келісім кеңес төрағасының орынбасары Любовь Горр облыс деңгейінде Қоғамдық келісім кеңесінің атқарып жатқан жұмысы туралы айтып өтті. «Қоғамдық келісім кеңестері –  елімізде азаматтық қоғамның әлеуеті үшін бейбітшілік пен келісімді қамтамасыз етуші орган», – деп атап өтті Любовь Горр.

Облыстық ҚХА жанындағы аналар кеңесінің төрайымы
М.  Миражапова отбасында ананың алатын орны,  отбасылық құндылықтардың берік жүйесін қалыптастырудың маңызын сөз етті. «Ақ желкен» жастар лигасының төрағасы Зайнутдин  Махусеев  егемен еліміздің келешегі – жастарға бүгінгі таңда жүктеліп отырған міндеттің ауқымдылығын айтып, еліміздің табысына өз үлесін қосу жайын  айтты.

Жамбыл облысы әкімі аппаратының

«Қоғамдық келісім» КММ баспасөз-қызметі

Ассамблея мен соттар арасындағы ынтымақтастық меморандумы

4

Бүгінде Жамбыл облыстық соты мен облыстық Қазақстан халқы ассамблеясы арасындағы ынтымақтастық меморандумын жүзеге асыру жоспары аясында үлкен жұмыс атқарылуда.

Ағымдағы жылда облыстық сотта «Ұлт жоспарын орындау контекстінде Азаматтық іс жүргізу кодексін орындау жылы» тақырыбында дөңгелек үстел отырысы өтті. Бұл тұрғыда Азаматтық іс жүргізу кодексінің негізгі баптары, соның ішінде медиация институтын дамыту, дау-дамайларды шешу мен татуластыру мәселелерін талқылауда ашық диалог алаңына айналды. Қазақстан халқы ассамблеясының медиаторлары кодекс баптарын талқылауда өз ұсыныстары мен ұсынымдарын жасады.

Елбасының «100 нақты қадам» ұлт жоспарының аясында медиация институтын енгізу туралы міндеттері бүгінде орындалуда.

Қараша айында облыстық сотта «Тәуелсіз Қазақстанда сот билігі мен құқық жүйесінің қалыптасуы» тақырыбында конференция болып өтті. «Қоғамдық келісім» КММ-нің медиаторлармен жұмыс жасау менеджері Валентина Досыбиева «Медиация – Қазақстан халқы ассамблеясының жаңа бағыты, ол әртүрлі мәселелер мен  қарама-қайшылықтарды шешіп қана қоймай, еліміздің дамуы мен қоғамдық келісімге шынайы пайда тигізеді», – деп атап өтті өз баяндамасында.

Бұл іс-шара медиация институтын енгізуде соттармен, заңгерлермен, билік пен ғылым органдары өкілдерімен тұрақты түрде диалог орнату керектігін дәлелдейді.

Жамбыл облысы әкімі аппаратының

«Қоғамдық келісім» КММ баспасөз-қызметі.