М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінде Жамбыл облысы әкімі аппаратының «Қоғамдық келісім» КММ ғылыми-сараптамалық қолдау бөлімінің ұйымдастыруымен Жамбыл облысы ҚХА ғылыми-сараптамалық тобының «Жалпыұлттық келісім мен қазақстандық патриотизмді нығайтудағы этномәдени бірлестіктердің рөлі» атты кеңейтілген отырыс өтті.
Күн тәртібінде ұлттық код түсінігін және қоғамдық сананы талқылау, сондай-ақ әскери патриотизмді қалыптастыру және ҚР әскери қызметіне қатарына шақыру кезінде туындайтын қиындықтар туралы талқыланды.
Отырыстың модераторы М.Х.Дулати атындағы ТарМУ ректоры, Жамбыл облысы Қазақстан халқы ассамблеясы жанындағы ғылыми-сараптама тобының төрағасы Сарыбеков Махметғали Нұрғалиұлы өз сөзінде қатысушыларды ғылыми-сараптамалық тобының алдағы уақытта атқаратын жүйелі жұмыстары туралы сөз қозғады.
Сөз тізгіні «Қазақстан халқы Ассамблеясы» кафедрасының меңгерушісі, Жамбыл облысы ҚХА ҒСТ төрағасының орынбасары Мамедова Парида Иманжанқызына берілді. Өз кезегінде ол «Қандай да бір этносаралық қақтығысты түпкілікті шешу мүмкін емес. Этностар бар кезде, олардың арасында қақтығыстар кезең-кезеңімен пайда бола береді. Қазіргі кезде этносаралық қайшылықтардың ондаған және жүздеген түрлерін атауға болады. Сондықтан да зорлық-зомбылыққа жол бермеу, даулы мәселелерді реттеудің тиімді жолдарын табуымыз керек!», – деп сөзін аяқтады.
Жамбыл облысы Қорғаныс істері жөніндегі департаментінің бастығы Ерлан Қахарбекұлы Жабықбаев этномәдени бірлестіктердің әскери-патриоттық тәрбиедегі рөліне және әскерге шақыру науқанының өзекті мәселелеріне назар аударды. Спикердің айуынша, «Өткен жылы біздің өңіріміз әскерге барудан ең нашар көрсеткішті көрсетті. Департаменттің тізімінде қызметтерін өтеуден бас тартып, жалтарған 900-ден астам адам бар. Облыс аудандарында және Таразда әскери қызметін өтемей, жалтарғандар саны бірдей. Биыл осындай жағдайды болдырмау үшін этномәдени бірлестіктердің басшылары бірқатар ұсыныстарды ұсынды. Атап айтқанда, ҚХА Аналар кеңесін әскери бөлімдерге шақырып. жамбылдық әскерге шақырылушылардың әскери қызметін кеңес мүшелерінің көруіне мүмкіндік беру. Олар алдағы уақытта да мектеп түлектерінің ата аналарымен кездесіп, әскердегі әлімжеттік пен нашар тамақтану туралы сыбыстарға сене берудің қажеттігі жоқ екендігі туралы айтулары қажет», – деп сендірді Е.Жабықбаев.
Отырысқа қатысушылар әскери-патриоттық тәрбие – патриотизмді қалыптастырудың маңызды формаларының бірі деген спикердің бұл сөзімен келісті.
Тараз мемлекеттік педагогикалық университетінің «Әлеуметтік-гуманитарлық пәндер» кафедрасының доценті, философия ғылымдарының кандидаты Джуншеев Расылхан Ерболсынұлы бірегейлік пен бірлікті қалыптастырудағы ұлттық құндылықтардың рөлі мен маңызы туралы сөз қозғады.
М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің ғылым және жаңа технологиялар департаментінің директоры, Жамбыл облысы Қазақстан халқы ассамблеясының ғылыми-сараптамалық тобының мүшесі, профессор, техника ғылымдарының докторы Бекбасаров Исабай Исақұлы «О воспитании молодежи в контексте сохранения национального кода» тақырыбында баяндама жасады. Ол өз сөзінде «Болашақтың негізі бүгіннен қаланады. Ал, жастар – болашақтың мәңгілік қозғаушы күші. Ұлт болып ұйып, салт-дәстүр, әдет-ғұрыпымызды сақтаймыз десек, жас ұрпақ санасына алдымен ұлттық кодты сақтап қалудың маңыздылығын түсіндіруіміз қажет. Ұлттық код – халықтың өзіне ғана тән тарихи қалыптасқан мәдени болмысы. Халықтың сан ғасырлар бойы бойына біте қайнасқан әрі өзге этнос өкілдерінен өзгешелігін танытатын белгілері» – деп, сөзін қорытындылады.
Сонымен қатар, отырыс барысында М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университеті, Жамбыл облысы Қазақстан халқы ассамблеясының ғылыми-сараптамалық тобының мүшесі, тарих ғылымдарының кандидаты Бақторазов Сейдахан Уәлиұлының «Бірлік пен жасампаздық аясындағы Жамбыл өңірі» (кеңестік дәуір) атты кітабының тұсаукесері өтті. «Мен өз кітабымда біздің облыс экономикасына дамуына түрлі этностардың үлес қосқанын көрсеттім. Мал, қызылша, өнеркәсіп шаруашылықтарының барлығы өңірдегі әр түрлі этнос өкілдері тұрғындарының еңбектерінің арқасында құрылып, дамыды» – деп, автор өз жұмысын таныстырды.
Жиын соңында жалпы білім беру мекемелерінде оқушыларға және олардың ата-аналарына қазақстандық бірегейлікті насихаттау, әскери патриотизмді қалыптастыру мақсатында «Айбын» әскери-патриоттық клубына облыстағы әрбір этномәдени бірлестіктерінің жастар қанаты құрамына 1 мүшесін қосу, сондай-ақ қазақстандық патриотизмді қалыптастыруға бағытталған этномәдени бірлестіктері өкілдерінің әскери гарнизондарға баруын ұйымдастыру туралы шешімдер қабылданды.
Бибігүл Шахзада
Жамбыл облысы әкімі аппараты
«Қоғамдық келісім» КММ
Баспасөз қызметі орталығы