Бірлігіміз жарасып бейбітшілік пен келісімде өмір сүріп жатырмыз

Қазақстан әлемдегі саяси тұрақтылығы бекем елдердің бірі. Біздің елімізде сан ұлттың өкілі татулық пен достықтың буынын бекітіп, әлемдік дамудың көшбасшысы болуға ұмтылып келеді.

Ұмтылу жолы өте ауыр. Қанына, бойына, санасына мықты рухты күшті сіңірген қазақ еліне бұл зілді болмауы тиіс. Осы тұрғыда мемлекеттің бірден – бір алға қойып мақтанар айнасы – этносаралық татуластық.

Жер шарының картасына көз салсақ, қазақ жерінің ұлан байтақ атырапты алып жатқанын көреміз. Қазақ елінің көңілі де дәл сондай, кең, дархан. Соның арқасында, Қазақстан жерінде 130 – дан аса ұлт өкілдері татулықта өмір сүріп келеді.

Бізбен көршілес кей елдердегі, тіпті алыстағы көптеген мемлекеттер өз ішінде дау – дамай туғызып, жанжалдасып, қанды шайқасқа дейін баратындары жайлы құлағымыз естіп, көзіміз көрген. Соларға біздің «Жұмылғанда жұдырық, ашылғанда алақан» болып отырғанымыз үлкен сабақ болып жатқан шығар деген ой түйіп, «осы күнімізге де шүкір, тәубе»,- деп қоямыз.

Музафаров Рамазан Фахриевич

Жамбыл ауданы бойынша «Ахыска» түрік

этномәдени орталығының төрағасы

Тағдыр табыстырған, тарих тамырластырған

Ресми деректерге қарағанда, Қазақстанда 130-дан астам ұлт пен ұлыстар бар. Оларды қасиетті қазақ жерінде қазақ халқымен тағдыр табыстырған, тарих тамырластырған деп айтуға болады. Біздің елде тұратын өзге ұлттардың өкілдерімен бірге бір атаның балаларындай тату болып ғұмыр кешіп, тірлік етіп, жарқын болашақтың негізін бірге қаласып келе жатқанымызға да біраз ғасырлардың жүзі болды. Бұл – қазақ халқының біздің жеңісіміз. Бұл – достық пен биік адамгершілік қасиетінің жемісі. Бұл үрдістің болашақ ұрпағымызға да үлгі болып қала беретіні сөзсіз.

Өзбек ұлтының өкілдерінің де қасиетті Жамбыл жерін құтты қоныс еткендеріне бір ғасырға жуықтап отыр. Бір айта кетерлігі, осындағы өзбек ұлтының өкілдері Мажитовтар, Исмайловтар, Мамаджановтардың отбасылары біздің ауданда 1917-ші жылдан бері тұрады екен. Газетіміздің өткен сандарында Мамаджановтар әулеті туралы, оның ішінде осы әулеттің ұрпағы, ата жолын жалғастырушы айтулы азамат Шәкіржан Мамаджанов жайында мақала жазсақ, ендігі кезекте тағы бір өзбек жанұясы Исмайловтар әулетінің ынтымақты тірлігі, қазақ халқымен арадағы мызғымас бірлігі туралы қалам тербегенді жөн көрдік. Осыдан бір ғасырдай уақыт бұрын Оңтүстік Қазақстанның сансыз бабты Сайрам ауданынан қасиетті Әулие Ата жері Жуалы өңіріне табан тіреген Исмайыл қарияның осындағы шаңырағының түтінін бүгінде немересі Рустам мен келіні Гүлчехра түтетіп отыр. Бізді бұл отбасына бастап алып барған өзбек ұлтының өкілі, еңбек ардагері Шәкіржан Мамаджановтың айтуынша, Рустам ағаның бабасы Исмайыл өткен ғасырдың 1920-шы жылдары Жуалыға қазіргі Түркістан облысының Сайрам ауданынан қоныс аударған. Исмайыл қария «Түркісіб» теміржол торабының аудан аумағынан өтетін бөлігін салуға атсалысқан екен. Содан бұл әулет осында біржолата тұрақтап қалады. Ел іші болған соң ондағы ұлттар да бір-бірлерімен араласпай тұрмайды. Исмайловтардың жергілікті қазақтарға қыз беріп, құда-жекжат болып келе жатқанына да біраз уақыт болды. Алғашында Исмайылдың қызы Зебінша ауданға белгілі Сопын ақсақалдың шаңырағына келін болып түседі. Дәлірек айтқанда, Сопын ақсақалдың ұлы Бейсенбек өзбек қызы Зебіншаға үйленіп, отбасын құрады. Исмайылдың әйелі Ташхан апаның туған сіңлісі Ұғылтай Жуалының түлегі, генерал-лейтенант, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Бақытжан Ертаевтың анасы болатын.

-Мен 6, 7, 8-ші кластарда аудан орталығындағы Герцен атындағы мектепте Бақытжан Ертаевпен бірге оқыдым. Бақытжанның әкесі Ертай ертерек қайтыс боп кеткен соң, анасы Ұғылтай әпкеміз аудан орталығына көшіп келді. Олардың отбасыларының осында көшіп келуіне Ахмаль Исмайловтың әпкесі Зебінша әпке себеп болды. Бәріміздің үйіміз қатар болатын. Бала кезімізде Бақытжанмен бірге оқып, бірге балалық шағымызды өткізгенімді мақтан тұтамын. Өте өнегелі отбасы болатын. Бақытжан мектепті үздік бітірген соң Ташкент қаласына әскери училищеге оқуға түсіп, содан өмірінің көп бөлігін әскери қызметке арнап, Қазақстан Қарулы Күштерінің құрылуына да сүбелі үлес қосты,- дейді Шәкіржан Мамаджанов. Исмайловтардың жанұясы аудан орталығындағы қазіргі базар маңында тұрған екен. Онда ол жерлерде «землянка» деп аталатын шағын үйлер болыпты. Ауданның таулы аймағынан келетін кісілердің көбісі осы үйге түседі екен. Содан да болар, қонақжай бұл жанұя жергілікті қазақтармен жақсы сыйласып, құдалы-құдандалы болып кетті. – Әкем Ахмаль ауданда тауар дайындаушы болып, біраз жыл жұмыс істеді. Көбінесе, таулы өңірдегі ауылдардан жүн-тері жинап, аудан орталығындағы тауар дайындайтын мекемеге өткізетін. Содан Рысбек батыр ауылынан Қылышбай деген кісімен, кейіннен оның балалары ағайынды Бегім, Шеріммен бірге жақсы сыйлас, жекжат болып, жұмыс жасады. Қазір біз ол кісілердің жанұяларымен жақын араласып тұрамыз. Ал анамыз Шарапат үй шаруасында болған кісі. Әкем мен анам отбасында екі ұл, үш қыз өсіріп, тәрбиеледі. Үлкеніміз Мұхтар автобазада жұмыс істеді. Бір өкініштісі, ертерек қайтыс болып кетті. Артында жеңгеміз Ғалия мен үш баласы қалды. Әпкем Махсуда мен қарындасым Мархамат екеуі Ташкент қаласында тұрады, отбасы, балалары бар. Ең кішіміз Мамләкәт деген қарындасымыз. Ол осында тұрады. Келіншегім Гүлчехра екеуміз де аудан орталығындағы Ш.Үлеков басқарған пүліш тігін фабрикасында жұмыс істедік. Мен шебер болып жұмыс жасадым. Кейіннен фабрика тоқырауға ұшырап, жабылып қалды. Содан 1999 жылы несие алып, мақсары дақылынан май шығаратын цех аштық. Оған Меркі ауданында тұратын Бахадур деген досым себепші болды. Бұл кәсіп отбасылық кәсіп болған соң жұмысты өз үйімізде жүргіземіз. Шаруалардан мақсары қабылдап, май шығарамыз. Өткізген мақсарысы үшін шаруалармен маймен немесе ақшалай есеп айырысамыз. Экологиялық таза өнімге қашанда сұраныс жоғары. Құтыға құйылған өнімдерімізді облыс орталығына, Алматы, Нұр-Сұлтан, Атырау қалаларына жөнелтіп жатырмыз. Облыс орталығында

болатын азық-түлік жәрмеңкелеріне де шығып тұрамыз,- дейді отағасы Рустам Исмайлов. Исмайловтар әулетінің қара шаңырағында тұратын Рустам мен Гүлчехра отбасында екі ұл, екі қызы тәрбиелеп өсірді. Үлкен ұлдары Ильхам мен келіні Шырын Алматы қаласында тұрады. Екінші ұл Сухраб ауданда теміржолда байланысшы болып еңбек етуде. Ал Дильназа Түркістан облысына қарасты Ақсукент ауылына тұрмысқа шыққан екен. Қазір сонда денсаулық сақтау саласында жемісті еңбек етіп жүр. Кенже қыздары Дильфузаның мамандығы тіл маманы, аудармашы. Қазақ, өзбек тілдерімен қатар, орыс, ағылшын, түрік, қытай тілдерін еркін меңгерген білікті маман. -Жуалы ауданындағы жергілікті қазақтармен біздің әулеттің құда болғанын жоғарыда отағасы Рустам әңгімелеп берді. Біздің отбасы да жақында ғана тағы да қазақ жанұясымен құда болып отырмыз. Осыдан үш ай бұрын кіші қызымыз Дильфузаны Талдықорған қаласында тұратын қазақ отбасына, дәлірек айтқанда, Арғын руының жігітіне ұзаттық. Күйеубаламның есімі Мират. Құда-құдағиларымыз өте жақсы кісілер екен. Негізінен, ұлттардың арасындағы достық, ынтымақтастық қатынастары осылай жақын араласқанда одан да берік болып, беки түседі екен. Біз осыған көп жылдан бері көз жеткізіп келеміз. Өзімнің анам Умиренса Ешметова Арыс қаласында Киров, Жангелдин атындағы қазақ орта мектептерінде 42 жыл бойы физика-математика пәндерінен ұстаздық етті. Содан мен де өз жастайымнан қазақтардың ортасында өсіп, қазақ тілін еркін меңгеріп алдым. Қазір біз тұратын Б.Момышұлы ауылының Бейсенбек Сафинов көшесінде қазақ, орыс, шешен ұлтының өкілдері бір-бірімен тату-тәтті тұрады. Жыл сайын Наурыз мерекесін атап өтеміз. Көше болып жиналып, құдайы тамақ таратамыз. Бір сөзбен айтқанда, интернационал көшеде тұрамыз,- дейді Гүлчехра Сатыбалдықызы. Тағдыр табыстырған, тарих тамырластырған, достығы мен бірлігі жарасқан ұлттардың бауырластығы, һәм өркен жаюы тәуелсіз еліміздің де гүлденуінің негізгі түпқазығы болмақ..

Жамбыл облысы әкімдігі ішкі саясат басқармасының

«Қоғамдық келісім» КММ Баспасөз қызметі орталығы

Афиз атаның ақ тілегі

Кезіндегі Сталиннің бұйрығымен өткен ғасырдың 1930-жылдары Қазақстан жеріне күштеп жер аударылған ұлттардың ішінде әзірбайжан ұлтының өкілдері де болғаны белгілі. Осы саясаттың салдарынан 1938 жылы Афиз Исмаилов туған Отанынан қазақ жеріне аударылған. Әзірбайжанның Нахичеван қаласы Керна ауылынан отбасымен қазақ жеріне келгенде Афиз ата небәрі алты жастағы бала еді. – Сталиннің бұйырығымен 1938 жылы Кавказ халықтары жаппай жер аударыла бастады. Бұйрық шыққан күні ауыл қарияларын, үлкендерін қамап қойды. Кейін кешке қарай бізді де Нахичеванда 10 шақты күнге дейін ұстап отырды. Содан соң бәрімізді пойыз вагондарына отырғызып, белгісіз бағытқа айдап жіберді. Қазақ жеріне табан тірегенде вагондағы адамдарды қазіргі Түркістан облысының Сайрам ауданынан бастап жан-жаққа түсіріп кете барды. Бізді Жуалы ауданына түсірді. Ол күн әлі есімде, сол кезде қыстың қаһарлы суық күндері болатын. Ызғарлы желтоқсанның жиырмасыншы жұлдызы күні балаларды қариялардың тонына орап, шанаға отырғызып, жүріп кеттік… Бізді Көлбастау ауылына әкелді. Сол қиын кезде алыстан жер аударылып келген әзірбайжандарды қазақ халқы жатсынбай қарсы алып, құшағын айқара ашты. Үйлерінің төрінен орын беріп, ас-суынан дәм татқызды. Сол үшін қазақ халқына мың алғыс білдіремін. Қазақ халқымен бірге талай нәубат жылдарды бастан өткердік. Соғысты да көрдік. Тылда да еңбек еттік. Киіз үйде де бірге тұрдық. Қандай кезең болсын біздің бірлігіміз, татулығымыз ажырамайды. Өзім 2 класты ғана бітіргенмін. Оқуға жағдай болмады. 10 жасымнан бастап жұмыс істеп, еңбекке ерте араластым. Соғыс уақытында колхозда ел қатарлы екі қолға бір күрек алып, еліміз үшін жұмыс істедік. Әкем 1945 жылы өмірден озып, біз жетім қалдық. Биыл Ұлы Отан соғысына 75 жыл толып отыр. Бұл зұлмат жылды біз бәріміз бірге өткердік. Сол себепті, бұл – біздің ортақ мерекеміз. Соғыс кезінде ауылда ер азаматтар майданға аттанды. Бар болса да мүмкіндігі шектеулі азаматтар еді. Балалар тылда әйелдермен бірге жұмыс істедік. Ол кезде картоп екпейтін, қызылша, каучук егілетін. Яғни, еңбектеген баладан бастап еңкейген кәріге дейін Жеңіс үшін, майдан үшін біркісідей жұмыс істедік. Соғысты бастан өткергеннен кейін 1958 жылы жүргізушілікті оқып, 40 жыл колхозда көлік жүргіздім. Ерінбей әртүрлі жұмыстарды қолымнан келгенше

істей бердім. Қасиетті Жуалы жерінде өмірімнің 81 жылын өткіздім. Өзім қазір 87 жасқа келіп отырмын. Жұбайым Сара екеуміз екі қыз, үш бала тәрбиелеп, өсірдік. Қазақ ұлтынан қыз алып, құдалы-құдандалы болған жайымыз бар. Екінші ұлым Тағы Салтанат есімді қазақ қызына үйленіп, отбасын құрды. Одан бөлек, Жамшид, Хуршуд, Злейха, Элдар және Имран есімді балаларым да отбасылы болып, барлық ұл-қыздарымыздан 13 немере сүйіп отырмыз. Әзірбайжан ұлтының дәстүрі, мерекелері қазақ халқына ұқсас келеді. Біз қазақ халқының ұлттық салт-дәстүріне құрметпен қараймыз. Себебі, біздің салт-дәстүріміз бен мерекелеріміз ортақ. Біз бір елміз. Бірлігі мен татулығы жарасқан көпұлтты тәуелсіз мемлекетпіз. Көктемнің жылы лебімен бірге елімізде айтулы мерекелер қоса келеді. Соның алғашқысы Алғыс айту күні мен Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылғанына 25 жыл толуы. Бұл Елбасының бастамасымен құрылған теңдесіз ұйым. ҚХА бір шаңырақ астына бүгінде 130-дан астам этнос өкілдерін біріктірді. Бұл екі мерекенің қатар келуі бірлігіміз бен ынтымағымызды одан әрі арттыра түседі деп ойлаймын. Осы ретте, қиын-қыстау кезде құлағанға тіреу, сүрінгенге сүйеу болған қазақ халқына алғыс айтамын. Бұл бір-бірімізге деген құрмет. Сондықтан да Алғыс айту күні қарсаңында қазақ халқына, Елбасына, барлық этностарға біздің келісіміміз бен бірлігіміз үшін «Рақмет!» деп айтқым келеді,- дейді әзірбайжан ұлтының өкілі Афиз Исмайлов. Сексеннің сеңгірінен асқан Афиз ата бірнеше медальдармен марапатталған. Оның бірі – «Тыл еңбеккері», «Еңбек ардагері» медальдары. Бұл – қарияның ерен еңбегінің бағаланғаны. Қазіргі таңда көпті көрген қария Мыңбұлақ ауылдық округінің орталығы Көлбастау ауылында тұрып жатыр.

Жамбыл облысы әкімдігі ішкі саясат басқармасының

«Қоғамдық келісм» КММ Баспасөз орталығы

Таразда Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған көрме өтті

Ағымдағы жылдың қаңтар айының соңында Тараз қаласының Достық Үйінде ҚХА-ның “Қазақстандық этностардың алуан түрлілігін рухани-мәдени дәріптеу” мәдени-ағартушылық жобасы аясында Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған көрме өтті.

Көрменің негізгі мақсаты – Қазақстан этностарының мәдениетін халық арасында таныстыру және дәріптеу, қазақстандық мәдениетті заманауи әлемде ілгерілету. Сондай-ақ, патриотизм мен азаматтыққа тәрбиелеу,

рухани-адамгершілік құндылықтарды, қазақстандық бірегейлікті қалыптастыру.

Көрмеде суретші және «Вайнах» Жамбыл шешен-ингуш мәдени орталығының өкілі Иса Тазабаев өзінің туындыларын қалың көпшілікке ұсынды.

2013 жылдан бастап суретші Иса Тазабаевтың жұмыстары Тараз және Алматы қалаларының галереяларында кезең-кезеңімен қойылып келеді. Суретші Таразда танымал «Винигрет» шығармашылық тобының, «Қазақстан, Тараз Суретшілер одағы» және «Вайнах» Жамбыл облыстық шешен-ингуш мәдени орталығы» қоғамдық бірлестіктерінің мүшесі болып табылады.

Бүгінгі таңда суретшінің көптеген картиналары Қазақстанның, жақын және алыс шетелдердің жеке коллекцияларында сақтаулы.

Жамбыл облысы әкімдігі

ішкі саясат басқармасының

«Қоғамдық келісім» КММ

Баспасөз орталығы







Таң қылаң бере қазақстандықтар абыр-сабырға түсті. Себебі бұл күн біз үшін саяси науқан – ҚР Парламенті мен Мәжіліс депуттары сайлауымен басталды.

Сайлауға жалпы 6 саяси партия тіркелген. Олар: «Нұр Отан» партиясы, «Ауыл» халықтық демократиялық патриоттық партиясы, «Адал» партиясы,

«Ақжол» партиясы, «Халық» партиясы, Жалпыұлттық Социал Демократиялық партиясы. Сайлауға дейін партиялар съезд өткізіп, кандидаттар тізімі мен сайлауалды бағдарламаларын жариялады. Халықтың көңілінен шығатын мардымды тірліктердің қарасы көрінді, тұшымды мәселелер айтылды.

Ел-жұрт болып әулиеаталықтар өз таңдауымызды жасадық, сайлаудың әділ өткеніне де куә болдық. Ендігі кезек – бірігіп жұмыс жасау, еліміздің болашағы үшін аянбай тірлік қылсақ, бізден ұлы ел болмас! Ел жұртымыз аман болсын!

Махмутжан Давришев,

Жамбыл облыстық «Ахыска» түрік этномәдени бірлестігінің төрағасы,

ҚХА мүшесі

Пандемияға байланысты биылғы сайлау барлық санитарлық талаптарға сәйкес өтіп жатыр. Қиындықтарға қарамастан, сайлау таза және ашық түрде ұйымдастырылды. Барлық партиялар жоғары саяси белсенділік танытып, кездесулерді онлайн режимінде де, оффлайн режимінде де өткізгенін атап өткен жөн. Бұл да қазіргі сайлаудың ерекшелігі шығар, сайлауға қатысу біздің азаматтық парызымыз деп санаймын. Біздің таңдауымыз бар. Ал бүкіл елдің болашағы біздің бүгінгі және ертеңгі шешімімізге байланысты болады. Сондықтан сайлауға барлық жауапкершілікпен қарау керек. Біз, Жамбыл облысы Қазақстан Халқы ассамблеясының мүшелері, сайлау науқанының барысын мұқият бақылап отырдық, өйткені саяси және азаматтық белсенділік өте маңызды деп санаймыз.
Жалпы, бүгінгі сайлау Президентіміздің әлеуметтік-экономикалық бастамаларын табысты жүзеге асыруға және Қазақстанның өсіп-өркендеуіне тың серпін береді деп сенеміз. Ол үшін азаматтарымыз дауыс беруде белсенділік танытуы қажет. Мен де бүгін сайлау учаскесіне барып, өз таңдауымды жасадым.
Дауыс беру – әрқайсымыздың азаматтық құқығымыз және борышымыз. Бұл – әр азамат үшін мемлекеттің дамуына ықпал ететін мүмкіндік. Сол себепті, еліміздегі барша сайлаушыларды осы мүмкіндікті жібермей, саяси науқаннан қалыс қалмауға шақырамын.

Зайнутдинов Абдурахман
Тараз қаласы өзбек этномәдени бірлестігінің төрағасы,
ҚХА мүшесі

Бүгін ел үшін тарихи және маңызды күн. Мен Жамбыл облысының тұрғыны ретінде сайлау процесіне белсенді қатысуды азаматтық парызым деп санаймын. Сайлауға дайындық Тараз қаласында жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын атап өткім келеді. Мен сайлаушылардың қызығушылығы мен белсенділігіне өте ризамын. Біздің патриотизмнің ел үшін маңызы өте зор. Бұл азаматтардың осындай маңызды іс-шараларға белсенді қатысуынан көрінеді.

Үміткерлердің қабілеттерін білу мақсатында, түрлі деңгейдегі мәслихат депутаттығына кандидаттардың бағдарламасымен алдын-ала таныстым. Мен республикамыздағы тұрақтылық үшін дауыс бердім. Бұл қазір өте маңызды. Пандемияның осындай қиын кезеңінде әлем қиын экономикалық жағдайға тап болды және осындай сәтте бізге ең бірінші тұрақтылық қажет. Біз эволюциялық жолмен дамуымыз керек деп білемін.

Зуфаров Ибрагим Хуршудович,

Жамбыл облыстық «Ахыска» түрік

этномәдени бірлестігінің мүшесі,

Ақсақалдар алқасының төрағасы

Еркіндік пен тәуелсіздік адам мен азамат үшін ең маңызды дүние десек артық айтқандық емес.

Тәуелсіз елдің ең басты тұғыры ол қоғамның, сол мемлекеттегі жергілікті ұлттың рухы, жігері, қоғамдық санасы. Басты байлық жай ұлттық мүдде емес, азаматтардың мүддесі мен қажеттілігі. Еркін өмір үшін күресте өз өмірлерін қиған қазақ халқының батырлары – Исатай Тайманов, Махамбет Өтемісов, Кенесары Қасымов, Сырым Датов және басқалардың есімдері Қазақстан тарихында мәңгі қалады.

Тәуелсіздік бәрінен қымбат. 2021 жылы Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығы атап өтіледі. Жалпы тарихты қарастыратын болсақ, 30 жыл өте аз уақыт, бірақ біздің елімізде осы уақыт ішінде қаншама істер жасалды. Тәуелсіздіктің 30 жылы дегеніміз не? Ол:

– елдің бейбіт өмір сүруіне 30 жыл;

– сауатты және дана мемлекеттік саясатты жүргізудің 30 жылы;

– табысты экономикалық дамудың 30 жылы;

– әлеуметтік саланы дамыту мен жетілдірудің 30 жылы;

– әлеуметтік дамудың барлық маңызды көрсеткіштерінің 30 жыл тұрақты өсуі;

– Қазақ жеріндегі бейбітшілік, бірлік пен келісімнің 30 жылы.

Бүгін біз Қазақстанды тәуелсіздігін әлемнің барлық елдері мойындаған жетілген ел деп айта аламыз. Бізге шет мемлекеттердің алдында беделдіміз және бұны Қазақстанның ең маңызды халықаралық ұйымдарға мүше екендігі дәлелдейді.

Ел тәуелсіздігінің 30 жылы ішінде біз көп нәрсеге қол жеткіздік, бірақ ең бастысы, менің ойымша, бұл – ұлтаралық келісім мен Қазақстан халқының ұлттық бірлігін сақтау. Бұл ретте, әрине, өткен жылы 25 жылдығын атап өткен Қазақстан халқы Ассамблеясы ерекше рөл атқарады. Ассамблея елде тұратын барлық этностарды бір шаңырақ астында біріктіретін мекемеге айналды. Ассамблея халықаралық мәдени интеграцияны алға тартты, мемлекеттің жан-жақты дамуына негіз болды, өйткені елдің жетістігі көбінесе қоғамдағы бейбітшілік пен өзара түсіністікке байланысты.

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде біздің еліміздің одан әрі дамуы мен өркендеуіндегі болашақ ұрпақтың рөлін ерекше екенін атап өтті. «Алдағы төртінші онжылдықтың алдында тұрған міндет – қуатты ел және жетілген ұлт болу»,- деді Президент.

Жамбыл облыстық «Айнұры» татар-башқұрт

этномәдени бірлестігінің төрағасы

Халиков Амир Шафкатұлы

Зайнутдинов Абдурахман: «Мемлекет басшысы қойған жаңа міндеттер халқымызға жаңа мүмкіндіктер ашады …»

– Мақаланың тарихи маңыздылығы – Мемлекет басшысы өткеннің тағылымына жүгінеді, қазақ халқының ежелгі дәуірден бүгінге дейінгі тарихи жолында, өзіндік мәдениетіміз бен дәстүрлеріміздің дамуы туралы ой бөледі. Мақалада мемлекет тұтастығын нығайту, тарих ғылымын дамыту, біздің қоғам өмірінде мемлекеттік тілдің рөлін арттыру бойынша бірқатар нақты шаралар бар екендігі өте маңызды, бұл бәрімізден көп жұмысты талап ететіндігі анық.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арналған «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» мақаласы өте маңызды, өйткені мақалада қазіргі Қазақстанның қалыптасуы мен дамуының үш онжылдығын сипатталып және мемлекет пен бәсекеге қабілетті мемлекеттің 4-ші онжылдығының басты мақсаттары айқындалған. Мемлекет басшысы алға қойған жаңа ауқымды міндеттер халқымызға жаңа мүмкіндіктер ашатынына сенімдімін.

Зайнутдинов Абдурахман

Тараз қаласы өзбек этномәдени бірлестігінің төрағасы,

ҚХА мүшесі

«Бейбітшілік пен келісімді сақтау басты міндет …»

– Біздің Президентіміз Қасым Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты бүгінгі мақаласы мемлекеттік саясатты дамытудың негізгі бағыттарын ашып, еліміз үшін маңызды тарихи сәттерді қамтыды.

Мен Қазақстан халқы Ассамблеясының өкілі ретінде Президент мақалаcында ҚХА-ның біздің еліміздің егемендігін дамытуға қосқан үлесіне үлкен назар аударғанын атап өткім келеді.

Біздің халқымыз басқа мемлекеттердің сыни пікірлеріне қарамастан көп ұлттың басые бір шаңыраққа біріктіре алды. Қазіргі кезде еліміздің ұлтаралық келісім саясаты бүкіл әлемге танылды.

Демек, біздің еліміздегі бейбітшілік пен достықты сақтау – бұл мемлекеттік құрылымдардың ғана емес, бүкіл қоғамның парызы, және бұл әрқайсымыз үшін өте маңызды.

Зуфаров Ибрагим Хуршудович,

Жамбыл облыстық «Ахыска» түрік

этномәдени бірлестігінің мүшесі,

Ақсақалдар алқасының төрағасы