Ассамблея делегаттары Астанаға аттанды
Ағымдағы жылдың 26 сәуірінде аймақтағы теміржол вокзалында Астана қаласында өткелі отырған Қазақстан халқы Ассамблеясының «Бес әлеуметтік бастама – қоғамның әлеуметтік бірлігінің тұғыры» атты кезекті ХХVІ сессиясына делегаттарды шығарып салу рәсімі өтті.
Қазақстан халқы Ассамблеясының дәстүрге айналған басқосуға биылғы жылы облысымыздан 32 делегат аттанды.
«Міне бүгін Астана қаласында өтетін Қазақстан Халықтары Ассамблеясының ХХVІ сессиясына аттанып бара жатырмыз. Ел тарихында елеулі орын алатын, тарихи басқосуға қатысуым мен үшін үлкен мәртебе. 1995 жылы 1 наурызда ҚР Президентінің жарлығымен Мемлекет басшысы жанындағы консультативті кеңесші орган – Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылып, бүгінгі таңда этностық ұлттар бірлігінің тұтастығын қамтамасыз ету мақсатында жұмыс жасап келеді. Этностық ұлт өкілдерінің басын қосып, мәдениеті мен дәстүрінің дамуына, елдегі татулық пен саяси тұрақтылықты сақтауға ассамблеяның қосып отырған үлесі зор деп білемін.
Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты халыққа үндеуі Ассамблеяның сессия жұмысына арқау болары сөзсіз. Үндеуге этностық ұлт өкілдері де үн қосып, өз тарапымыздан ризашылығымызды жеткіземіз»- дейді,Жамбыл облыстық «Барбанг» күрділер ассоциациясы қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Хано Бабаев Астанаға бағытталған сапары алдындағы әсерімен бөлісіп.
Ел ордасы Астана қаласында өтетін кезекті сессия сәуір айының 28 күні бейбітшілік және келісім сарайында өтеді деп жоспарланған.
Жамбыл облысы әкімі аппаратының
«Қоғамдық келісім» КММ баспасөз-қызметі