«Алғыс айту күнінің мерекелік картасы» акциясы
Алғыс айту – «Рақмет» деген қарапайым сөз баршамызға жылы сезім сыйлайды. Өзіміз өмір сүретін қоғамда бір-бірімізді құрметтеп, ризашылығымызды білдіріп жүрсек артық болмас еді, дүниеге мейірім мен жылылық тарайтын еді.
2018 жылдың 25 ақпан күні «Ақ желкен» жастар лигасының жастары Алғыс айту күнін атап өту аясында «Алғыс айту күнінің мерекелік картасы» атты акция өткізді.
Шараға қатысушы жастар қаламыздың күнделікті өмірімізде ерекше қажетті қызмет иелеріне тосыннан сый жасады. Өздерінің ұлттық киімдерін киген ассамблея жастары алдымен қаламыздағы «Өрт сөндіру» мекемесі қызметкерлеріне, тыныштығымызды сақтап жүрген полиция қызметкерлеріне (Зауытаудандық ІІБ), дүниеге келген ең кішкентай адамды қарсы алушы қалалық «Әйелдерді босандыру ауруханасына», білім беретін ұстаздарға (7-мектеп), ауа райының ыстық-суығына қарамастан қаламыздың тазалығын қамтамасыз етіп жүрген көше тазалаушы жұмысшыларына, қызметтері үшін алғыс айтты, күнделікті жүргіншілерді жұмысқа, сабаққа басқа да барар жерлеріне жеткізіп, қалада жүріп-тұруымызды қамтамасыз етіп жүрген автобус жүргізушілерін де тосыннан қуантып, арнайы ризашылықтарын жеткізді. Оларға тәтті бауырсақ тарту етіліп, арнайы брошюралар таратылды және халық үшін жасаған қызметтеріне алғыс білдірді.
Акцияның негізгі мақсаты – Алғыс айту күнінің атаулы мерекелік сипатын халық арасында насихаттау және өзінің пайдалы қызметін көрсетіп жүрген мамандық иелеріне қарапайым да ересен еңбектері үшін алғыстарын білдіріп, қуаныш сыйлау.
Акцияға барлығы 25 адам қатысты және оның барысы бейнетаспаға түсіріліп, арнайы бейнеролик жасалды.