«Қазақстан – ортақ үйіміз»
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың 1998 жылғы жарлығымен 22 қыркүйек Қазақстан халқы тілдерінің күні болып жарияланғаны белгілі. Сол кезден бері жыл сайын бұл мерекені Қазақстанда тұратын барлық этнос өкілдері мен ұлыстар тойлап келеді. Атап айтқанда, Қазақстанда 100-ден асатын ұлттардың біразында өз тілдерін оқытатын мектептері бар және оларды мәдени-рухани қолдау бағытында Қазақстан халқы Ассамблеясы аянбай еңбек етіп жүр.
Қазақстан халқы тілдерінің күніне орай Жамбыл облысы әкімі аппаратының «Қоғамдық келісім» КММ-де «Қазақстан – ортақ үйіміз» тақырыбына мемлекеттік тілде эссе жазудан байқау өтті. Өңірлік ҚХА тіліміздің дәрежесін көтеруге бағытталған іс-шараны алғаш рет ұйымдастырып отыр. Байқауға қазақ тілін меңгерген өзге ұлт өкілдері: Тараз қаласындағы Политехникалық, Болашақ, Медициналық, «Аспара», «Парасат» колледждерінің білімгерлері және мектеп оқушылары – барлығы 32 жас қатысты. Сайыс шарты бойынша, жасөспірімдер қосымша құралдардың көмегінсіз 1 сағат ішінде тақырыпты ашып, қағаз бетіне ойын анық жеткізуі тиіс еді.
Ал олардың шығармаларына қала мектептерінен қазақ тілі мен әдебиет пәнінің тәжірибелі мұғалімдері әділ-қазылық етті.
Жарыс жеңімпаздарына 1,2,3 дәрежелі дипломдар және алғыс хаттар, бағалы сыйлықтар тапсырылды. Әділ-қазылар алқасының төрайымы Дана Жүнісова өз сөзінде жеңімпаздарды құттықтап, барша қатысушыларға алғысын білдірді. Сонымен қатар, ұстаздар бір ауыздан 41 орта мектептің 11 сынып оқушысы, орыс қызы Валерия Михайлованың туындысын ерекше атап өтті.
Бұл қыздың эссесін оқып, біз де мұғалімдердің пікірімен келістік. Себебі, Валерия өз эссесін Елбасының сөзімен бастап, ойын айқын әрі жүйелі түрде жеткізген.
«Қазақстан – ортақ үйіміз. Неге ортақ? Менің ойымша, біріншіден, өйткені мұнда 132-ден астам ұлт өкілдері тұрғанына қарамастан барлығымыз тату-тәтті өмір сүреміз. Екіншіден, ата-бабаларымыздың тарихы бәрімізге ортақ. Үшіншіден, бірліктің күшімен, найзаның ұшымен демекші, тәуелсіздікке жету жолында бар халық ортақтасып, осы жетістікке жетті», – деп мектеп оқушысы ортақ үй деген ұғымға анықтама беріпті.
Ал Жамбыл облысы Қазақстан халқы ассамблеясының қызметкерлері байқаудың жоғары деңгейде өткенін және алдағы уақытта осы сынды іс-шараларды көптеп ұйымдастыратынын жеткізді.
Жамбыл облысы әкімі аппаратының
«Қоғамдық келісім» КММ
баспасөз хатшысы