Таразда оңтүстік аймақтық ғылыми-әдістемелік конференция өтті
2017 жылдың 7 қарашасы Жамбыл облысы Қазақстан халқы ассамблеясының ұйымдастыруымен М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің бас ғимаратында «Қазақ тілін латын әліпбиіне көшіру – Қазақстанның әлемдік қауымдастыққа интеграциялануының басты факторы» атты оңтүстік аймақтық ғылыми-әдістемелік конференциясы өтті.
Аталған конференция ТарМУ-нің көпэтносты білім алушыларының тілдерін сақтап, қазақстандық біртектілік пен бірлікті нығайтудың аса маңызды факторы ретінде мемлекеттік тілдің кең ауқымды қолданысын қамтамасыз ететін үйлесімді тіл саясатын ұстана отырып, ҚР Президенті Н.Назарбаевтың 2017 жылдың 27 қазанында №569 Жарлығымен бекітілген латын графикасына негізделген қазақ тілі әліпбиін насихаттау мақсатында өтті. Конференцияға Қазақстан халқы ассамблеясының мүшелері, кәсіби тіл мамандары, лингвистер мен филологтар, ТарМУ-нің профессор-оқытушылар құрамы мен студенттері және облыстық БАҚ өкілдері қатысты.
Конференцияны ашқан М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің бірінші проректоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор Асқар Абдуалы Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында латын әліпбиіне көшу терең тарихи логикаға негізделгенін атап өтті. «Бұл қазіргі заманғы технологиялық ортаның, коммуникацияның, сондай-ақ, ХХІ ғасырдағы ғылыми және білім беру процесінің ерекшеліктеріне байланысты. Осылайша, жаңа жаһандану заманы жағдайында мемлекеттік тілдің әліпбиін өзгерту қазақстандық қоғамның рухани жаңғыруының шешуші құралы әрі нақты тарихи қажеттілік болып табылады».
Шара барысында латын әліпбиінің бірыңғай стандартын енгізу жобасы кеңінен талқыланып, қазақ тілінің жаңа әліпбиіне қатысты өзекті мәселелер көтерілді. Қатысушылар бұл үрдістің маңызды қырлары: дыбыс пен әріп арасындағы байланысты грамматологиялық бағытта талдауға, жаңадан жасалатын емлелердің сипатын анықтауға, әліпби мен жаңа емле-ережелерді оқыту мазмұнын саралауға ерекше көңіл бөлді. Латынға өту жөніндегі жұмыс тобының белсенді мүшесінің бірі, Алматы қалалық А.Байтұрсынов атындағы Тіл ғылымы институтының бас ғылыми қызметкері латын әліпбиіне көшудің фонетикалық негіздемесі туралы сөз сөйледі.
Ал Қызылорда қаласынан келген сыйлы мейман, «Болашақ» университетінің ректоры, техника ғылымдарының докторы Өмірбек Үмбетұлы қазақ әліпбиін латын графикасына көшірудегі жаңа технологиялардың мүмкіндіктерін тілге тиек етті: «Латын әліпбиіне көшу – заман талабы. Бұл қазақ тілінің әлемдік өркениет кеңістігіне шығуына, жаңа геосаяси жағдайдағы оның қолданылу аясын кеңейтуге және ғылыми-техникалық прогрестің бел ортасына кіруіне жол ашады».
Жамбыл облысы Қазақстан халқы ассамблеясы жанындағы ғылыми-сараптамалық топтың мүшесі, “Қазақстан халқы ассамблеясы” кафедрасының меңгерушісі, философия ғылымдарының кандидаты Парида Мамедова: «Латын әліпбиіне көшу – қазақ халқының алға жылжуына, жаңа заман талабына сай өсіп-өркендеуіне, болашақта еліміздің жан-жақты дамуына үлкен үлес қосып, жемісі мен жеңісін әкелері сөзсіз. Біз латын әліпбиіне көше отырып, тіліміздегі дыбыстық жүйелерді нақ анықтап, қазақ тілінің жазылуы мен дыбысталу кезінде сөздер қолданысындағы артық кірме сөздерден арыламыз. Сондықтан латын әліпбиіне көшу біз үшін, болашақ үшін әлдеқайда маңыздырақ».
Конференция барысында қазіргі таңдағы өзекті мәселе – жаңа үлгідегі қазақ әліпбиін тұрғындарға үйретудің әдіс-тәсілдері талқыланды. Қатысушылар бекітілген жаңа жоба жөнінде оқытудың әдіснамалық негіздері бойынша ұсыныстар айтып, ұлттың жаһандық бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін латын әліпбиінің бірыңғай стандартын енгізудің дер кезінде қолға алынғандығын, прогрессивтілігін және пайдасы мол екендігін өмірдің өзі дәлелдейтініне сенім білдірді.