Грек этносының республикалық мәдениет күні

 

2017 жылдың 19 қыркүйегінде Тараз қаласындағы Облыстық қазақ драма театрында Жамбыл облысы Қазақстан халқы ассамблеясының қолдауымен Облыстық гректер қоғамының ұйымдастыруымен Грек этносының республикалық мәдениет күні өтті. Іс-шараның мақсаты – грек мәдениетін, дәстүрлі әні мен биін көпшілікке таныстыру. Бұл күні Грекияның Қазақстандағы елшісі Александрос Катранис та Тараз қаласына іс-сапармен келген болатын. Көне шаһарда ол «Қазақ хандығы», «Тәуелсіз Қазақстан» монументтерімен, «Тараз Арена» спорт сарайымен, «Арай» массивіндегі көппәтерлі кешенмен танысып, жыр алыбы Жамбыл Жабаев атамыздың ескерткішіне гүл қойып, рухына құрмет көрсетті. Бұдан соң, мейман «Көне Тараз» тарихи-мәдени орталығы және Достық үйін де аралап көрді. Айта кетерлігі, Александрос Катранисті облыс әкімінің орынбасары Ерқанат Манжуов, қала әкімінің орынбасары Кенжебек Олжабай, «Қоғамдық келісім» КММ басшысы Рано Убайдуллаева және Жамбыл облыстық гректер қоғамының жетекшісі Георгий Буюкиди күтіп алып, облыс орталығының көрнекті орындарын көрсетті.

Грек этносының республикалық мәдениет күніне келер болсақ, Жамбыл облыстық гректер қоғамы бұл мерекелік іс-шараны екі жылда бір өткізуді дәстүрге айналдырған. Оған республика аумағынан 60 грек этносының өкілі  шақырылды. Олардың қатарында Алматы қаласы, Алматы, Оңтүстік Қазақстан, Павлодар, Қарағанды, Ақтөбе және Жамбыл облыстарының дарынды өнерпаздары да бар.  Сонымен қатар, мәдениет күнінің аясында Қазақстанның Халық әртісі Лаки Кесоглу өнер көрсетіп, жиылған қауымды патриоттық әндерімен бір серпілтіп тастады.

Жалпы Қазақстанда 7000-нан аса этникалық гректер тұрады, оның 2000-ға жуығы Жамбыл облысында. Өңірдегі гректер қоғамы алғашқылардың бірі болып, 1989 жылы құрылған болатын. Айта кетерлігі, аталған орталық Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылмай тұрып, өз жұмысын бастап кеткен. Сол кезден бері, грек этносы облысымыздың дамып, өркендеуіне өз үлесін қосып келеді. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың дана мемлекеттік саясатының арқасында грек этносының өкілдеріне білім беру, әлеуметтік, экономикалық салалардың барлығы қолжетімді.

Қазіргі таңда Георгий Буюкиди бастаған Жамбыл облыстық гректер қоғамы облыс аумағында ұлтаралық қарым-қатынасты нығайтып, татулық пен келісімді сақтау мақсатында тынбай еңбек етуде. Балалардан бастап, ересектерге дейін қазақ, орыс, ағылшын және грек тілдерін меңгереді. Бұған қоса, қаламызда Елена Малхосьянның «Астери» хореографиялық студиясы, Қаратау қаласында грек әндерінің ансамблі жұмыс атқарып жүр. Грек этномәдени бірлестігі үнемі қайырымдылық шаралар ұйымдастырып,  өңірлік Қазақстан халқы ассамблеясының іс-шараларына белсене атсалысып келеді.

Жамбыл облысы әкімі аппаратының

«Қоғамдық келісім» КММ

баспасөз қызметі