ТАТУЛЫҒЫ ЖАРАСҚАН, ТӘУЕЛСІЗ ЕЛ — ҚАЗАҚСТАН
Ағымдағы жылдың 13 желтоқсанында өңірлік Қазақстан халқы ассамблеясы мен Ы.Дүкенұлы атындағы қалалық Мәдениет үйінің ұйымдастыруымен Тәуелсіздік күні және Жамбыл облысының 85 жылдығына орай, «Татулығы жарасқан, тәуелсіз ел – Қазақстан» атты этностар арасында қалалық фестиваль өтті.
Облыс орталығындағы түрлі этнос өкілдерін ынтымаққа шақырып, жастарды мәдениет пен өнерге баулуды мақсат еткен шараға өңірлік 12 этномәдени бірлестіктің өкілдері қатысты.
Достық пен татулықты арқау еткен өнер байқауына қатысушылар екі кезең бойынша өнер көрсетті. Айта кетсек, алғашқы кезеңде қатысушылар ұлттық тағамдарын таныстырса, келесі сайыста өз өнерлерін ортаға салды.
Қатысушылар өнерін Кенен Әзірбаев атындағы Жамбыл облыстық филармониясының әншісі, мәдениет саласының үздігі Торғын Орынбаева, Абай атындағы Жамбыл гуманитарлық колледжінің сахна шебері, актер шеберлігі және сахна пәнінің ұстазы Ұлан Абзалиев және Тараз қаласы әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы Әйгерім Құдайбергенова саралап, бағасын берді.
Өз кезегінде қазылар құрамы мен көрермендер этностар дастарханындағы эчпочмак, долма, хычин және көптеген бәліштердің жасалу жолымен танысты.
Сондай-ақ, этномәдени бірлестіктер жекелей және топтық ұжыммен ән салып, би билеп кеш шырайын аша түсті. Өнер кешінде «Әулие Ата» Қазақ мәдени орталығы», «Жамбыл облысы Немістер қоғамы» ҚБ-нің «Поющие сердца» вокалдық тобы, «Днепро» Украин мәдени орталығы ҚБ жанынан құрылған «Маричка» вокалдық ансамблі, «Жамбыл облысы Тәжік этномәдени бірлестігі» ҚБ, «Айнуры» Татар-башқұрт этномәдени бірлестігі,
«Жамбыл облыстық Гректер қоғамы» ҚБ және республикалық «Барбанг» Күрділер Ассоциациясының облыстық филиалының өнерпаздары әуелете ән шырқап, мың бұрала биледі.
Сонымен қатар, құшағы кең қазақ еліне деген ыстық лебізін әнмен жеткізген облыстық «Хазар» Әзірбайжан этномәдени орталығының орындауындағы «Мой Казахстан» әні мен «Архыз» республикалық қоғамдық бірлестігінің Бірлік – қарашай-балқарлардың Жамбыл филиалы қоғамдық бірлестігі шырқаған “Менің қазағым” әндері көпшіліктің қошеметіне бөленді.
Екі кезең бойынша өзара өнерлерін көрсетіп, фестивальге жоғары деңгейде атсалысқан қатысушыларға қазылар құрамы зор ықылас білдіріп, барлығын жеңімпаз санап марапаттады.
Айта кетейік, фестиваль аясында Ы.Дүкенұлы атындағы қалалық Мәдениет үйінің өнерпаздары да әннен шашу шашты.