ТАРАЗДА ӘЗ-НАУРЫЗ МЕРЕКЕСІ КЕҢ КӨЛЕМДЕ АТАП ӨТІЛДІ

21 наурыз — Наурызнама онкүндігі бойынша «Ынтымақ күні». Бұл күні сексеннен астам түрлі этнос өкілдері өмір сүретін киелі Тараз төрінде Ұлыстың Ұлы күні Наурыз мерекесі кең көлемде атап өтілді.

«Достық» орталық алаңында өткен мерекелік шараға өңірлік ҚХА мүшелері, этномәдени бірлестік өкілдері, құрылымдары мен “Қоғамдық келісім” КММ ұжымы да белсене атсалысты.

«Құс қанатындағы Наурыз» атты театрландырылған қойылыммен бастау алған шарада Қыдыр ата көпшілікке ақ батасын берді.

Одан соң облыс әкімі Ербол Қарашөкеев жамбылдықтарды ғасырлар қойнауынан бастау алған ұлық мерекемен құттықтады.

Әуезді ән, мың бұралған би мен күмбір күй төгілген думанды кеште облыс өнерпаздары, сондай-ақ қазақ эстрадасының жұлдыздары «Қоңыр» тобы, «Жігіттер» тобы, Гүлнұр Оразымбетова өнер көрсетті.

Дәстүр бойынша Төле би көшесін бойлай ақшаңқан киіз үйлер тігілді.

«Отанымыз – Қазақстан» атауымен «Қоғамдық келісім» мекемесінің он екі қанатты киіз үйіне аймақ басшысы Ербол Шырақпайұлы арнайы ат басын бұрып, өңірдегі этностардың салт-дәстүрі және ұлттық құндылықтарымен танысты.

Наурыздың нақышы болған киіз үйлер маңында әсем әндер айтылып, жергілікті өнерпаздардың да өнері тарту етілсе, келушілерге тұрмыстық бұйымдар мен ұлттық киімдер, салт-дәстүрлер көрмесі ұсынылды.