ШУ АУДАНЫНДА АЙМАҚТЫҚ КОУЧИНГ ӨТТІ
Шу ауданында «Мемлекеттік саясаттың қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлік саласындағы қазіргі жай-күйі: өңірлік даму ерекшеліктері» тақырыбындағы аймақтық коучинг өтті.
Аталмыш жиынға мемлекеттік қызметкерлер, жергілікті тұрғындар, жастар және этномәдени бірлестік мүшелері қатысты.
«Қоғамдық Келісім» КММ ғылыми-сараптамалық қамтамасыз ету бөлімінің бас сарапшысы, облыстық ҚХА ҒСТ мүшесі Ербол Қаншымбеков модераторлық еткен отырыста өңірлік топтың мүшелері баяндамалар жасады.
М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің «Әлеуметтік психология» кафедрасының аға оқытушысы, психология ғылымдарының магистрі Айгүл Абдрахманова «Мен» концепциясының қарым-қатынастағы рөлі» және аталған оқу орнының «Мемлекеттік және әкімшілік құқық» кафедрасының аға оқытушысы Феруза Закирова «Қазақстандағы ұлтаралық қатынастардың стандарттары» атты тренинг өткізді.
Екі күнге ұласқан сабақтар барысында қатысушылар жаттықтырушыларды тыңдап, сұрақтар қойып, тиісті жауаптарын алды.