«КАЛИНКА» ВОКАЛДЫҚ АНСАМБЛІНЕ – 10 ЖЫЛ!
Жамбыл облыстық «Радонеж» Орыс қауымдастығы» қоғамдық бірлестігі жанынан құрылған «Калинка» вокалдық ансамблінің есімі Әулиеата жұртына етене таныс. Аймақ мәдениетін дамытуға үлес қосып, орыс халқының әндерін жергілікті жұртшылыққа кеңінен насихаттап жүрген шығармашылық ұжымның құрылғанына биыл 10 жыл толып отыр.
Осыған орай, ағымдағы жылдың 16 қарашасы күні Достық үйінде ансамбльдің мерейтойлық концерті салтанатты түрде аталып өтті.
Бұл күні шығармашылық ұжымды құттықтауға келген өңірлік этномәдени бірлестік өкілдері мен ҚХА мүшелерінің қарасы қалың болды. Сондай-ақ, шараға облыстық «Қоғамдық келісім» КММ басшысының орынбасары Сәуле Құрманқұлова қатысып, өңірлік Қазақстан халқы Ассамблеясының игі істеріне белсене атсалысып жүрген ансамбльге алғысын білдіріп, марапаттады.
Жыл арта өнер ұжымының шығармашылық әлеуеті артып, репертуары жаңарып отырады. Өнердің өлкесінде жүрген ұжымның көркемдік жетекшісі, облыстық «Радонеж» Орыс қауымдастығы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Владимир Сорокин ансамбльдің орындаушылық шеберлігі жыл озған сайын шыңдала түсуде екенін мақтанышпен жеткізді.
–Осы уақыт аралығында өнер ұжымы әрдайым шығармашылық ізденісін тоқтатпай жаңа туындыларымен өз тыңдармандарын тамсандырып келеді. Ансамбльдің алғашқы кәсіби қойылымы әйелдер ұжымы және «Радонеж» Орыс этномәдени бірлестігі мүшелерінің орындауындағы «Ой, цветет калина» әнімен басталған болатын. Міне, содан кейін құрам «Калинка» атауына ие болды, – дейді ансамбльдің көркемдік жетекшісі В.Владимирович.
Мерекелік кеште ансамбльдің орындауындағы «Когда весна придёт не знаю…», «Матушка-земля», «На деревне тихо», «Ромашка белая», «Осень золотая», «Две души», «Ах, судьба, моя судьба», «Хуторок», «Есаул молоденький», «Печки-лавочки», «Сильная женщина» секілді көптеген әндері көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Әуезді ән шырқалған кеште қазақ, татар, украин халқының ұлттық билері сахналанып, кеш шырайын аша түсті.