Өзбекстан Республикасы делегациясының сапарына орай Тараз қаласындағы Достық үйінде мемлекетаралық өңірлердің дамуы туралы мәселелерді қарастыруға байланысты жиын өтті. Дөңгелек үстел басына Жамбыл облысы әкімі Кәрім Көкрекбаев, Жизак облысының хокимі Улугбек Узаков, Жамбыл өңіріндегі өзбек компаниялары мен басқару құрылымдардың өкілдері, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Өзбекстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті елшісі Ерік Өтембаев пен Қазақстан Республикасының Өзбекстан Республикасындағы елшісі Икром Назаров қатысты.
Кездесу барысында екі жақ сауда және экономикалық серіктестік туралы сөз қозғады.
Сондай-ақ, аймақ басшысы өз сөзінде бүгінгі таңда облыстағы өнеркәсіп өндірісінің басым бөлігі 372 кәсіпорында іске асатынына тоқталды. Айтуынша, онда жалпы 30 мыңнан астам адам қызмет етеді.
Кәрім Көкрекбаев өз кезегінде өзбек елінің тарапынан ұсынылған жобаларды қолдауға дайын екенін білдірді. Ал Өзбекстан делегациясының өкілдері де аймақтың инвестициялық әлеуетінің жоғары дәрежеде дамығанына үлкен қызығушылық танытып отыр. Бұдан бөлек, келген қонақтардың барлығына Халықаралық «ЭКСПО-2017» көрмесіне шақыру билеттері табысталды. Кездесуді қорытындылай келе, Жамбыл және Жизак облыстары арасында өзара серіктестік пен өнеркәсіп, сауда, ауыл шаруашылығы, денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет, спорт және туризм, экология, сонымен қатар, құрылыс, жолаушылар көлігі мен көлік жолдары салаларындағы өзара байланысты нығайту үшін құны 15 млрд. теңгені құрайтын меморандумға қол қойылды.
Сапардың ресми бөлімі аяқталғаннан кейін қонақтар ежелгі қаланың көрікті жері – «Көне Тараз» тарихи-мәдени орталығымен танысып, шамамен XI ғасырда салынған ортағасырлық сәулет өнерінің ескерткіші Қарахан баба Кесенесін тамашалады.
Жамбыл облысы әкім аппараты
«Қоғамдық келісім» КММ Баспасөз қызметі