Бейбітшілік пен тұрақтылық – тәуелсіздігіміздің негізі
Ұлтаралық татулық пен келісімді сақтау және нығайту бағыты мемлекеттік саясаттың негізгі басымдықтарының бірі болып қала береді. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап қоғамда бейбітшілік пен келісімді сақтау мәселелеріне ерекше көңіл бөлінді. Біздің еліміз үшін әр түрлі тарихи оқиғаларға байланысты қалыптасқан халықтың бұл этникалық құрамын ескере отырып, бірнеше ондаған түрлі діндерді ұстанатын жас республиканың аумағында 140-тан астам ұлт өкілдерінің бейбітшілігі мен тұрақтылығын сақтап отыру объективті қажеттілік болды. Осыған қатысты үстіміздегі жылдың 23 қыркүйегінде Қазақстан Республикасы тәуелсіздігіне 30 жыл толуына орай, Тараз қаласындағы №30-мектеп-гимназиясының 4 «Е» сынып оқушылары «Бейбітшілік пен тұрақтылық – тәуелсіздігіміздің негізі» тақырыбында Достық үйіне танымдық саяхат жасады.
Экскурсияның мақсаты – болашақ жас ұрпақтың өз еліне деген мақтанышы арқылы қазақстандық патриотизмге, белсенді өмірлік ұстанымына тәрбиелеу, оқушылардың бірлік, ынтымақтастық туралы түсініктерін кеңейтіп, оларды ортақ Отанымызда тұратын түрлі ұлттарға құрмет көрсетуге, қоғамда достық қарым-қатынас пен келісімді сақтауға баулу.
Осыған сәйкес алыстан мен мұндалап тұратын достық пен бірліктің символы – «Достық үйі» мен татулық пен тыныштықтың нышаны – бірегей «Ассамблея» тақырыбына терең қызығушылық танытқан №30-мектеп-гимназиясының жеткіншектері күмбезді ғимаратқа зор қуанышпен қадам жасады. Оларды Жамбыл облысы әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің «Қоғамдық келісім» КММ, әрі Достық үйінің басшысы Парида Мамедованың өзі және көрме залының меңгерушісі Вера Майкович, сондай-ақ, Баспасөз қызметінің баспасөз хатшысы Бибігүл Шахзада қарсы алды. Кішкентай қонақтарды Достық үйінің үшінші қабатында орналасқан дөңгелек үстелге жайғастыру барысында Парида Иманжанқызы осы жердегі әрбір орындықтың өзіндік тарихы бар екенін атап өтті: -«Сендер отырған осы орындықтарда Елбасымыз — Нұрсұлтан Назарбаев, дипломат, елші — Мұрат Әуезов т.б. елімізге танымал көптеген ірі тұлғалар отырған. Сендердің де сол ағаларымыз секілді мықты қайраткерлер, өз елінің жанашыр азаматтары болуларыңа зор тілектеспін. Сендер соған сай сабақтарыңды жақсы оқып, еліміздің көркем мінезді дұрыс азаматтары боп өсіңдер!» –ыстық ықыласын білдіре келе, аталмыш мектеп-гимназиясына облыстық ассамблея жөніндегі жаңа шығарылым мен балаларға түрлі ұлттардың тілінде жазылған ертегілер жинағын сыйға тартты. Осыған қоса, Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев пен Елбасымыздың әділетті саясаты мен жобалары арқылы Қазақстанның ірі жетістіктерге жеткендігіне де біраз шолу жасалды.
Бұдан соң, Вера Андреевна жас жеткіншектерге қоғамдық келісім қызметінің қыр-сыры мен облысымызда тұратын түрлі этнос өкілдері туралы айтып берді, оқушыларды олардың салт-дәстүрлерімен, әдет-ғұрпымен таныстырды. Сонымен қатар, оқушылар үшін Қазақстан Республикасы рәміздері мен ел тәуелсіздігі жөнінде танымдық сағат ұйымдастырылып, оқушылар ҚР тәуелсіздігінің 30-жылдығы мерекесі қарсаңында Қадыр Мырзалиев, Олжас Сүлейменов, Мұқағали Мақатаев сынды танымал ақын-жазушылардың өлеңдерін патриоттық сезіммен мәнерлеп оқып шықты.
Сондай-ақ, В.Майкович оқушыларды көрме залымен, ондағы әр этностың ұлттық құндылықтарымен, этномәдени бірлестіктердің кеңселері, олардың қызметімен таныстырды. Осыған байланысты қонақтар Достық үйінде орналасқан Махмұд Қашқари атындағы облыстық Ұйғыр этномәдени орталығында болды. Оларға ұйғыр халқының ұлттық киімдері мен аспаптары, жетістіктері мен марапаттары таныстырылды. Сонымен қатар, «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысының төрайымы – Хамида Тұрдыева облыстық ассамблеяның жастар қанатының іс-қимылдары жөнінен де шараға қатысушыларды хабардар етті. Бұған қоса, мектеп оқушыларына елімізге еңбек сіңірген этномәдени бірлестіктер өкілдерінің облыстық ассамблеяның арнайы Құрмет тақтасына орналастырылған фотосуреттері көрсетіліп, айналысатын жұмыстары туралы мағлұмат берілді.
Бұдан соң баспасөз хатшысы Б.Шахзаданың ұйымдастыруымен ассамблея дегеніміз не, оның атқаратын міндеті қандай, ассамблеяға кімдер мүше бола алады, этнос, депортация, этномәдени бірлестік дегеніміз не деген сауалдар төңірегінде оқушылар арасында өз деңгейлеріне қарай кішігірім викторина өткізілді. Онда әртүрлі этникалық топтардың арасындағы татулық, достық қарым-қатынас мәселелері қозғалып, олардың басты идеясы – адамдарды терісінің түсі немесе көзінің қиығы бойынша нәсілге, ұлтқа бөлудің дұрыс еместігі сөз болды. Тағдырдың жазуымен қазақ жеріне келген адамдар туралы әңгімелерге үлкен қызығушылық танытқан олар Қазақстан этностарының дәстүрлері мен мәдениеті туралы білімдерімен де бөлісті. Балалар ассамблея жөнінде осы күнгі алған мәліметтері негізінде пысықтау ретінде қойылған әрбір сұраққа зор ынтамен жауап беріп, пікір алмасты. Іс-шара барысында ең белсенді оқушыларға Достық үйінің атынан кішігірім сыйлықтар табыс етілді. Викторинаның барлық қатысушыларына естелікке ҚХА логотипі бар төс белгішелер таратылды.
– «Бүгінде Қазақстандағы 140 этностың өкілдері бейбітшілік пен келісімде өмір сүруде. Мұның бәрі тәуелсіз елдегі барлық ұлттардың мүдделерін қолдай отырып, бірегей бірлестік – Қазақстан халқы Ассамблеясын құрған ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Назарбаевтың арқасында деп санаймын. Достық үйінің қызметкерлері бізді өте жылы қарсы алды. Біздің оқушылар облыстық ассамблеяның қызметі мен құрылымы, өткізілетін мерекелері жөнінде көптеген қызықты және пайдалы ақпарат алды. Жылы қабылдағандарыңызға үлкен рахмет!» – деп Достық үйінің басшылығы мен мамандарына қонақжайлылығы мен қызықты бағдарламасы үшін алғыс білдірді бастауыш сынып мұғалімі Әлия Таңжарықызы.
Қызықтырған сұрақтарына толыққанды жауап алып, өздеріне бір тың дүние ашып, «ассамблея», «достық үйі» ұғымдарынан хабардар боп шыққан балақайлар қуаныштан жүздері бал-бұл жанып, «Достық» ордасынан әсерлі көңіл-күймен шықты.
Танымдық экскурсияның соңы фотосесиямен аяқталды.
Жамбыл облысы әкімдігінің
ІСБ «Қоғамдық келісім» КММ
Баспасөз қызметі орталығы