БЕЙБІТШІЛІК ПЕН КЕЛІСІМ ЖОБАСЫ АЯСЫНДА
Мемлекеттік саясатты жүзеге асыру бойынша «Бейбітшілік және келісім» жобасы шеңберінде Меркі ауданының тұрғындарына ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Облыстық ақпарат және қоғамдық даму басқармасы «Қоғамдық келісім» мекемесінің басшысы Мубарак Жинақбаева, облыстық «Ахыска» Түрік этномәдени бірлестігінің өкілі Ибрагим Зуфаров бастаған топ аталмыш ауданға қарасты Жамбыл, Меркі, Сарымолдаев, Ойтал, Андас ауылдарының тұрғындарымен жүздесті.
Кездесуде жұмыс тобы тұрғындарға мемлекеттік саясат, Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысындағы басым бағыттар мен ҚХА сессияларында көтерілген негізгі мәселелерге тоқталып, түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Сондай-ақ, топ мүшелері этносаралық арандатушылыққа жол бермей, тілдік, нәсілдік топқа жіктелуді болдырмаудың алдын алу жайын да тұрғындармен талқылады.
Өз кезегінде тұрғындар ауылдардағы ауыз су, жол жөндеу, жайылымдық жер тапшылығы, мәдениет үйінің жоқтығы секілді әлеуметтік маңызы бар мәселелерді ортаға салып, ұсыныстарын жеткізді.
Тұрғындар тарапынан туындаған мәселелер жол картасына енгізіліп, бақылауда ұсталатын болады.