«Айналайын» жобасы аясында
Жамбыл облыстық ҚХА Аналар кеңесінің «Айналайын» жобасы – аналардың жүрек жылуын, қамқорлығын көрсетуге бағытталған бастама.
Аталмыш жоба аясында облыстық «Қоғамдық келісім» КММ ұйымдастыруымен ҚХА Аналар кеңесі мен «Анаға тағзым» орталығы «Аналар үйіне» арнайы барып, кішкентай бүлдіршіндерге қуаныш сыйлады. Наурыз мерекесі қарсаңында өткен тағылымды шарада қазақтың салт-дәстүрлері дәріптелді. Бұл күні Аналар кеңесінің мүшелері Айгүл Қабиева сәбиді бесікке салып, Аракси Плетнева бүлдіршінге аналық ақ лебізін білдірді.
Сондай-ақ, бокс чемпиондары, ерлі-зайыпты Олжас Сәттібаев пен Әйгерім Сәттібаева бүлдіршіннің тұсауын кесіп, ақ тілегін арнады.
Биылғы жыл өңірімізде – кітап оқу жылы. Осыған орай, облыстық ҚХА Аналар кеңесінің төрағасы, «Анаға тағзым» орталығының басшысы Эльмира Мырза-Ғали кішкентай қызға кітап тарту етіп, білімге деген сүйіспеншілігін ояту мақсатында қаламсабын сыйлады.
Бұдан өзге «Ақ орамал» акциясы аясында жас аналарға береке мен отбасы құндылығын ұлықтаудың белгісі ретінде ақ жаулық тарту етілді.
Кездесу соңында «Аналар үйі» мен аймақтық ҚХА Аналар кеңесі өзара ынтымақтастық меморандумына қол қойып, болашақта да бірлесіп жұмыс істеуге уағдаласты.