Медиация мектебінің кезекті семинары

0_4

Жамбыл облысы әкімі аппаратының «Қоғамдық келісім» КММ–і медиация кабинеті жанындағы медиация мектебі Халықаралық құқық қорғау орталығымен бірігіп, облыс медиаторларымен кезекті семинар өткізді.

«Медиация рәсімдері және даулар мен келіспеушіліктерді реттеудегі медиатордың құралдары» атты семинардың басты мақсаты халық бірлігін нығайту мен қоғамдық келісімді сақтау үшін медиация институтының мүмкіндіктерін қолдану арқылы әлеуметтік өзекті мәселелерді анықтау, алдын алу және реттеудің түрлі жолдарын табумен қатар, мемлекет пен үкіметтік емес ұйымдар арасындағы маңызды серіктестік тетігі мен диалог аумағын дамыту болып табылады.

Қазақстан медиаторлар қауымдастығының бас директоры Ж.Жақыпов семинарға қатысушыларға азаматтық, еңбек, отбасылық, этносаралық, ұжымдық, қылмыстық және әлеуметтік даулар туралы кеңінен айтып өтті.

«Қазақстан халқы Ассамблеясының басты мақсаты –  қоғамдық келісімді нығайту, достық пен толеранттылық идеяларын насихаттау болып табылса, медиация дегеніміз, ол қоғамдағы кейбір өзекті мәселелерді, даулар мен келіспеушіліктерді медиация мүмкіндіктерін қолдану арқылы реттеу. Осы орайда, біздер қоғамдағы қарым-қатынастарды реттеу жолында жоғары нәтижеге жетуіміз керек деп ойлаймыз. Бұл ретте медиациядағы әлемдік тәжірибеге де сүйене білуіміз керек», – деп атап өтті «Қоғамдық келісім» КММ-нің медиаторлармен жұмыс істеу менеджері Валентина Досыбиева.

Семинар барысында теориялық аспектілермен қатар медиаторлардың тәжірибелерінде кездесетін мысалдар қаралды. Сонымен қатар, оқыту барысында тақырыптық рөлдік ойындар ойналып, арнайы дайындалған бейнероликтер де тамашаланды. Семинарға қатысушылар өз ойларымен бөлісіп отырды. Оқыту соңында барлық қатысушыларға сертификаттар табыс етілді.

Жамбыл облысы әкімі аппаратының

«Қоғамдық келісім» КММ баспасөз-қызметі.