2020 жылғы 11 желтоқсанда Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Қырымбек Елеуұлы Көшербаевтың қатысуымен өткен Ассамблея отырсының сайлауалды бағдарламаларымен толық таныспын.
Алқалы кеңеске Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалалары және облыстар әкімдері – ҚХА төрағалары, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары, орталық мемлекеттік органдардың басшылары, ҚХА Кеңесінің мүшелері қатысқанынан да хабардармын. Елбасы, ҚХА Төрағасы Н.Ә.Назарбаевтың бейбітшілік пен келісім саясатын жүзеге асыру мәселелері, сондай-ақ еліміздің Тәуелсіздігін нығайтудағы Қазақстан халқы Ассамблеясының рөлі қарастырылды. Этносаралық қарым-қатынас саласында жаңа инклюзивті саясатқа сұраныс бары баса айтылды. Ассамблея Төрағасы алдағы уақытта қоғамның бірігу үдерістерін тереңдетуге бағытталған шараларды әзірлеу маңызды екенін де тапсырды.
Бірлік пен келісімнің әлеуметтік капиталын нығайту, этностар арасындағы өзара әрекеттестіктің жаңа алаңдарын қалыптастыру, этникалық мәселені саясиландыруға жол бермеу, этникалық негіздегі кез келген жанжалды бейтараптандыру маңызды екенін де көріп отырмыз. Осыған қатысты жалпы азаматтық, саясаттан тыс және жалпыхалықтық институт ретінде құрылымдық және сапалық тұрғыдан Ассамблея жұмысын қайта жаңғыртуда. Ең бастысы қоғамдық сананы жаңғырту жөніндегі басымдық берілетін бағыттары айқындалды. Тың жағдайларды ескере отырып, бірқатар жаңа жобалар енгізілді, оны тәжірибелік тұрғыдан толық қамту және тереңдету бойынша арнайы Жол картасы әзірленгені де белгілі.
Дәстүрлі қалыптан шығып, жаңа жолдар қарастыру мәселелері бойынша мемлекеттік тіл мәселесі алдыңғы шепте тұрды. Өз басым Қазақ тілін – әлемдегі ең жылдам дамып келе жатқан тілдердің бірі деп санаймын. Лексикалық және әлеуметтік базасы кеңейіп, жаңа қаріптік кескінге көшу алдында. 80% түлектер қазақ тілінде БҰТ тапсырады, ал Абай тілінде сөйлейтін басқа этнос өкілдері де өздерін «Абай 175» челленджі бойынша танытты. Бұрынғыдай қазақ тілін сақтау қажеттігі туралы мәселені емес, ендігіде Қазақ тілі – елімізде ұлтаралық қарым-қатынас тіліне және біріктіруші факторға айналуы үшін барлық жағдайды жасауымыз керек.
Отырыс соңында ҚР Конституциялық заңының «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» 87 бабы және ҚР Заңының «Қазақстан халқы Ассамблеясы туралы» 10 бабына сәйкес, ҚХА Кеңесі Ассамблеядан сайланатын Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттығына Ассамблеядан сайланатын 9 үміткерді ұсынды. Олардың ішінде өз дүнген ұлтымнан – Жамбыл облысы Қордай аудандық Сартөбе ауылдық округінің әкімі Буларов Ильяс Юсупович те қатыспақшы. Депутаттыққа үміткер ер-азаматтардың барлығы да дерлік қазақ елі, қазақстандықтар үшін аянбай еңбек етіп жүрген жандар.
«Бізді қасиетті жеріміздегі ортақ құндылықтар біріктіреді: бейбітшілік, игілік, өркендеу, әділдік және баршаға ортақ тең мүмкіндіктер» – деп, Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев айтқандай, әрбір қазақстандық сайлауға деген жақсы көзқарасымен, нық сенімімен қатысады деген ойдамын. Себебі, бүгінгі Тәуелсіз Қазақстанның жеткен жетістігін,
Елбасының салған сара жолын әрі жалғастыру үшін сабақтастық қажет. Біз – Қазақстанның біртұтас халқымыз. Мызғымас бірлігіміз бар. Мұның бәрі Тұңғыш Президент Н.Ә.Назарбаевтың басшылығымен тәуелсіздік жылдары қол жеткізген құндылықтарымыз бен табыстарымыз. Сондықтан да, мен өз дауысымды лайықты азаматтарға беремін!
Нұралиева Динара Хатамқызы,
«Жамбыл облыстық «Вынхуа» дүнгендер
ассоциациясы» қоғамдық бірлестігінің мүшесі