«ЕХРО-2017 – болашаққа апарар жол» атты суреттер байқауы
2017 жылдың 19 қазанында Достық үйінде «ЕХРО-2017 – болашаққа апарар жол» атты суреттер байқауының салтанатты марапаттау рәсімі өтті. Аталған сайыс сәуір айында басталған болатын. Барлығы алты ай ішінде жамбылдық жастардан 102 фотосурет келіп түсті. Байқауға қатысуға 32 адам ниет білдірді, оның 10-ы өңірлік этномәдени бірлестік өкілдері.
«ЕХРО-2017 – болашаққа апарар жол» суреттер байқауы Қазақстан халқы Ассамблеясының 2016-2017 жылдарына жоспарланған Қоғамдық-саяси іс-шаралар кестесіне сай өткізілді.
Фотосурет – адамның белгілі бір оқиғаға немесе пікірге деген көзқарасын көрсететін құрал. Тұлғаның қиялы мен айналасын өзіне тән стиль арқылы көре білуінен сан түрлі фотолар пайда болады. Астана қаласында өткен халықаралық мамандандырылған «ЕХРО-2017» көрмесінің тарихқа айналған сәттерін тараздық жастар фотоға ұтқыр түсіре білген. Осыны байқаған әділ қазылар алқасы қатысушыларды жас ерекшеліктеріне қарай бірнеше топқа бөлді. 11-14 жас аралығындағы балалар арасынан №40 орта мектебінің 4-сынып оқушысы Камилла Шәкірбай суырылып шықты. Жас түлек, «Корэ» кәріс ЭМБ өкілі Дмитрий Пак 15-18 жас аралығындағы жасөспірімдер арасынан, ал «Днепро» украин ЭМБ мүшесі Мария Михайличенко ересектер тобынан бірінші орынға лайықты деп танылды.
Байқауға ұсынылған жұмыстардың ішінен компьютерлік графиканы да байқауға болады. Ал бұл өз кезегінде жамбылдық жастардың заман талабынан қалыс қалмай, барлық бағыттарда дамып жатқанын аңғартады.
Жүлделі орындарды иеленген жастар және өзге де қатысушылар мақтау қағаздарымен, алғыс хаттарымен және сыйлықтармен марапатталды. Бұдан бөлек, байқауға ұсынылған 102 жұмыстың барлығы түрлі-түсті каталог болып басылып шықты. Жас фотографтар үшін бұл жинақ портфолиоға айналады деген сенімдеміз.
Жамбыл облысы әкімі аппаратының
«Қоғамдық келісім» КММ
баспасөз қызметі