Қордайда «Этникалық топтардың құқықтарын қорғаудағы қоғам белсенділерінің рөлі» тақырыбында дөңгелек үстел ұйымдастырылды

Қордайда «Этникалық топтардың құқықтарын қорғаудағы қоғам белсенділерінің рөлі» тақырыбында дөңгелек үстел ұйымдастырылды

Үстіміздегі жылдың маусым айында Жамбыл облысының Қордай ауданы Қордай ауылында Жамбыл облысы әкімдігінің ішкі саясат басқармасының «Қоғамдық келісім» КММ басшысы Парида Мамедованың ұйымдастыруымен «Этникалық топтардың құқықтарын қорғаудағы қоғам белсенділерінің рөлі» атты дөңгелек үстел өтті.

Дөңгел үстелге Жамбыл облысының зиялы қауым өкілдері, этномәдени бірлестіктер мен үкіметтік емес ұйымдардың жетекшілері және БАҚ өкілдері қатысты.

Жиынның басты мақсаты Жамбыл облысында этносаралық және конфессияаралық келісімді күшейту мақсатында атқарылған жұмыстар барысын этномәдени және діни бірлестіктермен бірге талқылап, олардың ұсыныс-пікірлерін тыңдау болып табылады.

Облысымыздың құрметті журналисті, республикаға белгілі БАҚ өкілі Бекет Момынқұловтың модераторлық етуімен өткен дөңгелек үстелде Қордай аудандық Бірлескен қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы Әбдібек Сейілханов ұлтаралық қатынасты жақсарту мақсатында ауданда атқарылып жатқан жұмыстарға талдау туралы сөз сөйледі. Спикердің айтуы бойынша, аудандық орталық мешіт қызметкерлерінің ұлтаралық қатынасты жақсарту мақсатындағы атқарған жұмыстары аз емес. Мектептерде қазақ тілінде оқытылатын сыныптардың ашылуы, өзге ұлт өкілдерінің әскерге шақырылуы және ұлтаралық қатынастың жақсартылуы мақсатында әр ауылдың ақсақалдар алқасымен бірлесіп, кестеге сай атқарылып жатқан жұмыс жүйесі тілге тиек етілді.

Сондай-ақ, жиын барысында сөз алған «Тараз қаласының Өзбек этномәдени орталығы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Абдрахман Зайнутдинов Ассамблея жұмысын жандандыру үшін ең алдымен бала тәрбиесінен бастау керектігін айтты. Абдрахман Юлдашұлы: – «Қоғамдағы бейбітшілікті сақтағымыз келсе балаға сол қоғамда өмір сүру жүйесін үйретуіміз керек. Елімізде тұратын барлық этнос болмасын бір-бірімізге бауыр екенін көрсетуіміз қажет. Ал бауырлардың арасында ешқашан дау тумайды» – деді өз сөзінде.

Дөңгелек үстел барысында «Алға» ауылдық округіне ортақ қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы Мықтыбек Алтыбай қоғамдық жұмыс белсенділері бірігіп облыс жастарымен кездесіп ұлтаралық қатынасты нығайта түсу үшін түсіндіру жұмыстарын жүргізу керектігін айтып, ұсынысын алға тартты. Сонымен қатар, жиынға қатысқан облыс мәслихатының депутаты Лугмар Буларов этникалық топтар арасында қазақ халқының салт-дәстүрі, әдет-ғұрыптарын кеңінен насихаттауды ұсынды.

Дөңгелек үстел соңында бұдан өзге де айтылған ұсыныстар талқыға түсіп, ескертулер назарға алынды. – Біз мұнда айтылған дана шешімдердің іс жүзінде орындалуына басты назар аударуымыз керек. Мен бүгін сіздермен бас қосып, осындай ел игілігіне қатысты келелі мәселелерді талқылап, ұсыныс-пікірлеріңізді ортаға салған тиімді диалогқа қатысқандарыңызға өте қуаныштымын. Барлықтарыңыздың ара-қатынастарыңызда, отбастарыңызда өзара түсіністік, жайлылық орнап, бір-бірлеріңізге деген сыйластықтық пен толернаттылық сезімдеріңіз арта берсін! – деп іс-шараны қорытындылады Парида Иманжанқызы.

Сондай-ақ, халықаралық қоғамдастықтар өкілдерінің қатысуымен өтетін жергілікті қоғам белсенділерінің алдағы жиналысы туралы мәселе қаралды.

Жамбыл облысы әкімдігінің ішкі саясат

басқармасының «Қоғамдық келісім» КММ

Баспасөз қызметі орталығы

#ҚРтәуелсіздігіне30жыл