ӨМІРІН ӨНЕГЕМЕН ӨРНЕКТЕГЕН

Ш.Уәлиханов атындағы Жамбыл облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында 21 мамыр – Мәдениет және өнер қызметкерлері күніне орай ҚР мәдениет қайраткері, ҚР Білім саласының үздігі, М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің «Мәдениет және өнер» кафедрасының меңгерушісі, облыстық «Әулие Ата» Қазақ мәдени орталығының төраға орынбасары Айгүл Кәбиқызына арналған «Өмірін өнермен өрнектеген» тақырыбы аясында «Мәдениет – ұлт өмірінің айнасы» атты шығармашылық бенефис кеші өтті.

Кешке келген қонақтар қатарында – зиялы қауым өкілдері мен өнер жолында жүрген бас кейіпкердің қаламдас әріптестері бар.Бенефис кештің шымылдығы кітапхана директоры ҚР мәдениет саласының үздігі, қалалық мәслихат депутаты Абдинова Эльмира Елеусізқызы құттықтау сөзімен ашылды. Арнайы шақырылған зиялы қауым өкілдері Айгүл Кәбиқызының еңбек жолы,шығармашылығы мен ұстаздығы,тағылымды ғұмыры жайлы сыр шертті. Сондай-ақ, кітапхана қызметкерлері мен өнерімен болашаққа қанат қаққан шәкірттері ән мен күйден тарту тартып кеш қонақтарына жақсы леп сыйлады.

Сонымен қатар, кеш барысында Айгүл Кәбиқызының құрметіне арнайы құрастырылған «Өмірін өнегемен өрнектеген» атты кітаптың тұсауы кесілді.

Кітаптың тұсау кесер рәсіміне «Қоғамдық келісім» КММ басшысы Мүбәрак Жинақбаева мен Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, Қазақстан Журналистер Одағы сыйлығының лауреаты, ақын,журналист Ғайни Әлімбекқызы атсалысты.

Сәні мен салтанаты жарасқан бенефис кештің соңында Айгүл Кәбиқызы ұйымдастырушыларға, еңбек жолында қатар жүрген замандастарына,ізін басқан жастарға, кітапсүйер оқырманға зор алғысын жеткізді.

«Ақпараттық жұмыс және қоғаммен байланыс»  бөлімі