ТАЛАС АУДАНЫНДА АЙМАҚТЫҚ КОУЧИНГ ӨТТІ

Ағымдағы жылдың 12 қыркүйегінде Талас ауданында облыстық ақпарат және қоғамдық даму басқармасы «Қоғамдық келісім» КММ ғылыми-сараптамалық қолдау бөлімі «Мемлекеттік саясаттың қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлік саласындағы қазіргі жай-күйі: өңірлік даму ерекшеліктері» тақырыбында аймақтық коучинг өткізді.
Семинар-тренингке мемлекеттік қызметкерлер, жергілікті тұрғындар, жастар және этномәдени бірлестік мүшелері қатысты.
Іс-шараға «Қоғамдық келісім» КММ ғылыми-сараптамалық қолдау бөлімінің жетекші сарапшысы Рианна Жалпанова модераторлық етті.
Жиында М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің «Педагогика және әлеуметтік ғылымдар» факультеті, «Әлеуметтік психология» кафедрасының аға оқытушысы, психология магистрі Айгүл Абдрахманова және психолог, психология ғылымдарының магистрі Жұлдыз Сарыбаева «Қатынастар мен қақтығыстар» және «Қазақстандағы этносаралық қатынастар стандарттары» тақырыбында тренингтерін өткізді.
Шара соңында қатысушылар баяндамашыларды тыңдап, сұрақтар қойып, тиісті жауаптарын алды.

ТАҒЫ БІР ОТБАСЫ ТУРАЛЫ

Жуырда «Жамбыл облыстық «Полонез» тілі мен мәдениеті орталығының өкілдері облыстық өмірлік қиын жағдайға тап болған балаларды қолдау орталығының тәрбиеленушілеріне барып, Отбасы күнін атап өтті.

Қатысушылар өздерінің қамқорлығындағы «отбасыларымен» әңгімелесуде балаларға дәстүрлі отбасылық құндылықтар, адамдарды біріктіретін игі әдет-дәстүрлерді дәріптеу, бір-біріне қамқорлық жасау және өзара сүйіспеншілікті сақтау қаншалықты маңызды екендігін сөз етті.

Кеш соңында аталған орталық тәрбиеленушілері «Полонез» орталығынан арнайы сыйлықтар алды.

ҮЛГІЛІ ШАҢЫРАҚ ИЕЛЕРІ МАРАПАТТАЛДЫ

Бақытты әрі берік шаңырақ – берекелі қоғамның және мемлекеттің мызғымас тірегі. Олар қашанда өзгеге үлгі болмақ.

Халықаралық отбасы күні мерекесі қарсаңында ҚХА-ның ұйымдастыруымен «Мәдениетті ана – мәдениетті ұлт» жобасының «Адал азамат тәрбиелеген отбасы» бағыты аясында 50 жыл отасқан «Алтын шаңырақ» және 25 жыл отасқан «Күміс кереге» номинациялары бойынша өңірдегі үлгілі отбасылар марапат төрінен табылды.

Достық үйінде өткен мерекелік шарада облыстық ақпарат және қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Қуаныш Мамашев және республикалық Дүнгендер этномәдени бірлестігі Аналар кеңесінің төрағасы Сара Даузова арнайы номинация бойынша облыстағы отбасы құндылығын сақтап, нығайтуға үлес қосқан отбасыларды марапаттап, ізгі тілектерін білдірді.

Талай жылғы татулығы кейінгі ұрпаққа өнеге болған 53 жыл отасқан Алдаберді Мақашев пен Әсия Исмаилова «Алтын шаңырақ» номинация иелері атанса, 38 жыл отасқан жуалылық Сейфатдин Алекпаров пен Лалазар Алекпаровалар отбасы «Күміс кереге» номинациясын иеленді. Ал Сарысу ауданынан келген Жансерік Базаров пен Жеңісай Искаковалар отбасы және Т.Рысқұлов ауданының өнегелі шаңырақ иелері Жандос Болатбеков пен Гүлжан Күлегешовалар «Үлгілі отбасы» номинациясы бойынша марапатталды.

Халықаралық отбасы күні мерекесіне орай, облыстық ақпарат және қоғамдық даму басқармасы «Қоғамдық келісім» мекемесі «Менің отбасымның дәстүрлері» онлайн байқауын ұйымдастырды.

Ағымдағы жылдың 11 қыркүйегінде байқау қорытындысы жарияланып, марапаттау рәсімі өтті.

Аталмыш дәстүрлі байқауға қатысуға биыл 8 отбасы ниет білдірді. Отбасы құндылығын насихаттап, дәстүрді дәріптеген сайыста қатысушылар жан-жақты өнерлерін ортаға салып, бейнероликтерін мекеменің әлеуметтік желідегі парақшаларына орналастырды.

Байқау үміткерлерінің жұмыстары көп лүпіл пен пікір жинау арқылы сарапқа салынды. Байқау жеңімпаздары мен жүлдегерлерін «Қоғамдық келісім» мекемесі басшысының орынбасары Сәуле Құрманқұлова марапаттап, өнегелі отбасы – қоғам байлығы екендігін алға тартты.

Сайыс нәтижесіне сай, тараздық Исатаевтар жеңімпаз атанды. Ал шаңырақтағы береке мен бірліктің жарқын үлгісін көрсеткен Камбаровтар әулеті жүлделі екінші орынға ие болса, Металимовтар мен Таукеновтар отбасына үшінші орын бұйырды.

Байқауға қатысқан Таласбаевтар, Кучалиевтер, Искендировтар, Амоевтер отбасы Арнайы алғыс хаттармен марапатталып, барлық қатысушылар сый-сияпаттарға ие болды. Мерекелік шара соңында көрермендерге өңірлік этномәдени бірлестіктердің концерттік бағдарламасы ұсынылды.

 

ЖАСТАРҒА АҚПАРАТТЫҚ-ТҮСІНДІРУ ЖҰМЫСТАРЫ ЖҮРГІЗІЛДІ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауында елімізде атом электр станциясын салу бойынша 6 қазан күні жалпыұлттық референдум өтетіндігін мәлімдеген болатын.

Бүгінде елімізде маңызы зор және ел болашағына әсері мол түйткілді мәселенің жай-жапсарын түсіндіруде кең ауқымды жұмыстар жүргізілуде.

Достық үйінде Жамбыл облысы әкімдігінің ақпарат және қоғамдық даму басқармасы Жастар ресурстық орталығы өңірлік «Ассамблея жастары» республикалық ҚБ өкілдерімен кездесті.

Жиында «Ассамблея жастары» Республикалық қоғамдық бірлестігі Төрағасының орынбасары, өңірлік «Ассамблея жастары» РҚБ төрайымы Хамида Турдыева және облыстық Жастар ресурстық орталығының ұйымдастыру және бақылау бөлімінің басшысы Медеу Мырзатай қоғамның қозғаушы күші жастарға ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, сұрақтарына жауап берді.

«КӨШПЕНДІЛЕР» ФЕСТИВАЛІ ӨТТІ

Бүгін Достық үйінде Жамбыл облысы әкімдігінің ақпарат және қоғамдық даму басқармасы «Қоғамдық келісім» КММ мен мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының «Тілдерді оқыту орталығы» бірлесіп “Қазақстан халқы тілдері күніне”  орай «Көшпенділер» фестивалін  ұйымдастырды.

Мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту, ұлттық құндылықтарды дәріптеу, қазақ тілінің этносаралық қарым-қатынас тілі ретіндегі рөлін күшейту мақсатында өткен іс-шараға этномәдени бірлестіктердің  басшылары мен өкілдері қатысты.

Мерекелік іс-шара барысында «Қазақстандық татар және башқұрттар конгресі» республикалық қоғамдық бірлестігінің өңірлік филиалы өкілдері Татар этносының тарихы мен ұлттық биін биледі.  «Қоғамдық келісім» КММ қызметкерлері қазақ халқының «Сырға салу» рәсімін көрсетсе, республикалық Дүнген этномәдени бірлестігінің өкілдері «Келін түсіру»  дәстүрін көрсетіп, ұлттық тағамдарын тарту етті.  Облыстың Немістер қоғамы және «Радонеж» Орыстар қауымдастығының өкілдері тарихи кітаптар, түрлі құндылықтарымен  таныстырып,  дәстүрлі әндерін орындады.

Бұдан өзге  «Тілдерді оқыту орталығының»  мемлекеттік тілді оқыту курсына қатысушылары қазақ халқының көрнекті ақындарының тіл тақырыбына арналған өлеңдерін оқыды.

Жиын соңында  этномәдени бірлестік өкілдері мен  курс қатысушыларына Жамбыл облыстық тілдерді дамыту басқармасының Алғыс хаттары және сыйлықтары табысталды.

ЖАСТАРҒА ЖОЛДАУ АЯСЫНДА АҚПАРАТТЫҚ-ТҮСІНДІРУ ЖҰМЫСЫ ЖҮРГІЗІЛДІ

«Қазақстан Республикасының «Барбанг» күрділер қауымдастығының Жамбыл облыстық филиалы» ҚБ төрағасы Сартиф Алиев бірлестіктің Жастар қанатымен  кездесіп, Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауын түсіндірді.

Маңызы мол жиында бірлестік жетекшісі Жолдауда көрсетілген эономикалық дамудың 9 бағыты бойынша мақсат-міндеттерін атап өтіп, халықты алаңдатып отырған интернеттегі алаяқтық, жол апаттары, әскердегі тәртіп, наркобизнеске қарсы күрес секілді түйткілді мәселелердің алдын алу қажеттігін жастарға жеткізді.

–Мемлекет басшысының дәстүрлі Жолдауын жыл сайын асыға күтетініміз рас. Жолдау барша қазақстандықтар үшін маңызды деп есептеймін. Себебі, еліміздің дамуына арналған бағдарламалар қабылданып, оның жүзеге асырылуының жолдары нақты айтылады. Қасым-Жомарт Тоқаев осы жылғы Жолдауында Жаңа Қазақстанды құруда жастардың атқаратын маңызы зор екендігін баса айтты, – дейді бірлестік жетекшісі Сартиф Алиев.

Салмағы басым саяси құжаттың басым бағыттарын жастарға жеткізген  бірлестік басшысы Президент белгілеген міндетті жүзеге асыруда жастардың қолдауы маңызды екенін тілге тиек етіп, бірлесе атқаратын істің нәтижесін көрсетуге шақырды.

Өз кезегінде жастар да басым бағыттар жастарға зор мүмкіндік беретінін атап өтті.✅

ДОСТЫҚ ҮЙІНДЕ «ЕЛТАНУ» (ҚАЗАҚТАНУ) ЖОБАСЫ АЯСЫНДА «АЛТЫН ШАҢЫРАҚ» АЛАҢШАСЫ АШЫЛДЫ

Қазақ халқының  салт-дәстүрін,   ұлттық құндылықтарын  өзге этностарға дәріптеуге бағытталған  Қазақстан халқы Ассамблеясының «Елтану» (Қазақтану) мәдени-ағартушылық  жобасының ауқымы жыл артып кеңеюде.

2018 жылы ҚХА-ның XXVI сессиясында қабылданған жоба қазіргі таңда қоғамнан қызу қолдау тапты.

Баянды бастама аясында бүгін Жамбыл облысы әкімдігінің ақпарат және қоғамдық даму басқармасы «Қоғамдық келісім» мекемесінің Көрме залында мекеме басшысы Мубарак Қасымқызының ұйытқы болуымен құнды жәдігерлердің бірі алты қанатты киіз үй – «Алтын шаңырақ» алаңшасы ашылды.

Салтанатты шараға өңірлік ҚХА мүшелері, этномәдени бірлестік жетекшілері, Аналар, Ақсақалдар кеңесі,  қалалық білім бөліміне қарасты №17 бөбекжай-балабақшасының бүлдіршіндері мен  тәрбиешілері,  №18 Еркеназ бөбекжай-балабақшасының тәрбиешілері және мекеме ұжымы қатысты.

Тарихи құндылықтарды айшықтаған алаңшаның ашылу салтанатында «Қоғамдық келісім» мекемесі басшысының орынбасары Дәурен Тайлеев және өңірлік ҚХА Ақсақалдар кеңесінің мүшесі Исмайл Хаджимуратов  сөз алып, ұлттық болмысымызды танытатын мұндай бастаманың берері мол екендігін алға тартты.

– «Алтын шаңырақ» алаңшасының пайдалануға берілгені – жаһандану заманында рухты жаңғырту арқылы, заманауи үрдістерге жұтылып кетпей, ұлттық, рухани артықшылықтарымызды сақтап қалуға арналған әрекеттің  жарқын көрінісі.  Өткенімізге үңіліп, жоғымызды түгендеп, ұлттық рухты дүр сілкінтуге бағытталған бұл шаралардың қайсысы болмасын еліміз үшін қымбат, – дей келе  ақсақал Исмайл Хаджимуратұлы көпшілікке ақ батасын берді.

Сондай-ақ, шарада «Ассамблея бөбектері» жобасының белсенділері, қалалық  №17 бөбекжай-балабақшасының  тәрбиеленушілері Отан, Тіл тақырыптарында  тақпақтарын айтып, өнерлерін ортаға салды.

Бауырмалдық байланыстырған көптеген этностардың өзара араласып, қазақи құндылықтарды тануда алаңшаның атқаратын рөлі зор. Іс-шарада «Қазақстандық татар және башқұрттар конгресі» республикалық қоғамдық бірлестігінің Жамбыл облысы филиалы төрағасы  Фарида Нақыш   еңселі ел болуға ұмтылған мемлекетіміздің алтын шаңырағы биік болсын деген ақжарма тілегін жеткізіп, тәттіден шашуын шашты.

Иә, алаңша – қазақ руханиятынан хабар беретін «Елтану» (Қазақтану) жобасының жемісі. Алдағы уақытта Достық үйіне келетін қонақтар осынау алты қанатты киіз үйдің жарты моделі арқылы қазақ халқының болмысын танып, тұрмыс тіршілігін, салт-дәстүрлерін, әдеп-ғұрпын ұғынып,  ұлттық ойындары мен театрлық қойылымдарын көре алады.

–Елтану деген сөз – оның бірлігін, елдігін, мәдениетін, әдебиетін, тарихын, дәстүрін тану дегенді білдіреді. Ендеше, алдағы уақытта өңіріміздегі этнос өкілдерінің қазақтың қайнар көзін танып, руханиятымен сусындауына жұмыс жасау жоспарланып отыр. Бұл жоба арқылы ашылған алаңша да халқымызды біріктіріп, мемлекет  тұрақтылығын нығайта түсетініне сенім мол, – дейді «Алтын шаңырақ» алаңшасының  жетекшісі, Көрме залының меңгерушісі Жазира Шілдебаева.

Шара соңында өнер көрсеткен бүлдіршіндерге Қазақстан халқы  ертегілері топтамасы сыйға беріліп, «Қоғамдық келісім» мекемесінің қызметкері Қалижан Саркеев әуезді әнімен көпшіліктің құлақ құрышын қандырды.

БАЛАЛАРДЫ ҚУАНТУ — ҰЙҒЫР БІРЛЕСТІГІНІҢ БАСТЫ ҰСТАНЫМЫ

#Мектепкежолакциясы

#МектепкежолЖамбыл

 

Жыл сайын дәстүрлі түрде ел көлемінде тамылжыған тамыздан бастап, қыркүйек айының соңына дейін «Мектепке жол» акциясы өтеді.

Науқанға облыстық ассамблеяның этномәдени бірлестіктері бір кісідей жұмыла кірісіп, елдік пен кеңдіктің үлгісін тең көрсетіп келеді.

Қайырымдылық жасаудан қапы қалмайтын этностардың бірегейі «Махмұт Қашқари» атындағы Ұйғыр этномәдени бірлестігі ҚР Конституциясы күні мен Білім күніне орай  Достық үйінде «Мектепке жол» акциясын өткізді.

Аталмыш бiрлестiктің төрағасы Мухабат Турдыева бастаған акцияның басты мақсаты  — аз қамтылған, көпбалалы отбасылардан шыққан оқушыларға және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға оқу жылының басталуы алдында материалдық көмек көрсету, балалардың әлеуметтік себептер бойынша мектепке бармауының алдын алу болып табылады.

Дәстүрлі акцияда аталған бірлестік өкілдері 30 баланы мектепке қажетті оқу құралдарымен қатамасыз етті.  Қайырымдылық көмегі ұйғыр, өзбек, қазақ, дүнген тағы да өзге этнос өкілдерінің  балалары  мен  балалар үйінің тәрбиеленушілеріне үлестірілді.

Айтулы жиында  бірлестік жетекшісі Мухабат Абдрахманқызы және «Қоғамдық келісім» мекемесі басшысының орынбасары Дәурен Тайлеев балаларды жаңа оқу жылымен құттықтап, ақжолтай қуаныштар мен білімде сәттілік тіледі.

-Аталған акция  алғаш рет 2007 жылы дәл осы өңірлік Ұйғыр этномәдени бірлестігінде әлеуметтік көмек ретінде бастау алып, кейінірек  республикалық сипатқа ие болды. Міне, содан бері желісі бір үзілмей, қарқынды түрде жалғасып келеді. Атаулы акция болашақта да жалғасын тауып, ауқымы кеңейеді деген сенімдемін. Біздің бір баланы демеп, бір баланы мектепке дайындауымыз —болашақта еліне адал қызмет ететін ұрпаққа берген үлесіміз деп білемін. Сондықтан, барлық азаматтарды  мұндай қайырымдылық акциясынан алыс болмай, мүмкіндігінше атсалысуға шақырамын! Бүгінгі шараға үлес қосқан әрбір жанға алғысым шексіз, – деді Мухабат Турдыева.

Акция аясында балаларға базарлық таратылып қана қоймай, оларға сәні мен сәулеті келіскен Достық үйінің ішкі көрінісі көрсетіліп, түрлі аниматорлық ойын-сауықтар, сабын көпіршіктерінен шоу ұйымдастырылды.

Өз кезегінде акцияға қатысқан ата-аналар да бірлестік мүшелеріне ризашылығын білдіріп, зор алғыстарын жеткізді.

 

#Дорогавшколу

#дорогавшколуЖамбыл

ЖАСТАР – ЕЛ ДАМУЫНЫҢ БАСТЫ ДРАЙВЕРІ

Қазақстандағы Халықаралық Жастар күні жарқын сипатқа ие болып, жалпы жастар саясатын дамыту тұжырымдамасы да әлдеқашан  өзгерген болатын.  Бұрын тұжырымдама «жастарға арналған саясат» болса, бүгінде –  «жастармен саясатқа» меңзейді.  Жастар бүгінде өздерінің одан әрі дамуын жүйелі қалыптастырып үйренген.  Мәселен,  олар келешекті қалай көреді,  бүгінгісін  қалай сезінеді және дамуға қандай қажеттілікттер мен бағыттар бар, қазір осының бәріне көреген.

ҚХА бойынша түрлі этнос өкілдерінен құралған жастар ұйымы «Ассамблея жастары» қоғамдық бірлестігі болып құрылғаннан бері республика, облыс бойынша болсын, қай жерде игі істер, сол жерде — біздің жастар!

Жастар бастамаларын дамыту, жастар ортасында қоғамдық келісім мен бірлікті нығайту, қазақстандық жастардың әлеуметтік деңгейін арттыру және оларға үкімет, халық мүддесіне жақын жақсылықтардың жанынан табылу,  жалпықазақстандық  бірегейлікті қалыптастыру мақсат-міндеттері осыдан 5 жыл бұрын республикалық «Қоғамдық келісім» мекемесінде бекітілген болатын.

Жастар күні қарсаңында күні кеше 11 тамызда Тараз қаласының  Қайрат Рысқұлбеков атындағы демалыс саябағында өңірлік  «Ассамблея жастары» РҚБ қатысуы және РҚБ төрағасының орынбасары  Хамида Тұрдыеваның басшылығымен  жарқын мерекелік жастар кеші өтті.

Жастар күнін мерекелеу аясында «Ассамблея жастары» бірлестігі белсенділерінің қатысуымен саябақта демалушыларға әр түрлі жанрдағы және этностық стильдегі композициялар қойылып,  түрлі этностардың (қазақ, өзбек, ұйғыр, түрік, күрді, грузин, қарашай, әзірбайжан, т.б.) ұлттық билері ұсынылды.  Барлық қатысушылар би алаңын ерекше жақсы көңіл-күй мен сергектікке  бөледі.  Көрермендер саны да өте көп болды.

Әр елдің келешегі жастарымен  кемел.  Қазақ елінің бірлігі мен тірлігі жарасып, жастары жасай берсін!

ҰЛЫ АҚЫН ЕСІМІ ҰЛЫҚТАЛҒАН КЕШ

10 тамыз – қазақтың бас ақыны Абай Құнанбайұлының туған күні. Айтулы дата қарсаңында облыстық мәдениет және тілдерді дамыту басқармасы мен «Қоғамдық келісім» мекемесінің ұйытқы болуымен «Абай – дана, Абай – дара қазақта» атты танымдық кеш өтті. Қазақ тілінің көркемдік ерекшелігін, бай сөздік қорын Абай шығармашылығы арқылы насихаттап, қазақтың тілі мен әдебиетіне, мәдениетіне деген жастардың қызығушылығын арттыруды мақсат еткен шара «Мәміле» клубы отырысының аясында ұйымдастырылды.

Рухани кеш түндігі ақынның «Жарқ етпес қара көңілім неғылсада» әдеби музыкалық композициясымен түрілді.

Шараның алғы сөзін алған облыстық ақпарат және қоғамдық даму басқармасы «Қоғамдық келісім» мекемесінің басшысы Мубарак Жинақбаева ұлы ақынның өміршең шығармалары жайында жастарға кеңінен мәлімдеді.

Кеш барысында Хәкім Абайдың шығармаларынан үзік ойлар айтылып, сүбелі жырлары оқылды. Өңірлік ҚХА төрағасының қоғамдық орынбасары Асқарбек Ақылшаұлы, М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің доценті, филология ғылымдарының кандидаты, абайтанушы Рахат Саламатова тағылымды шараға жиналған қауымға Абай шығармашылығы тек қазақ халқының ғана мұрасы емес, шетелдіктер қазақты Абай арқылы танып, ақынның жырлары арқылы бағалайтындығын айтты. Сондай-ақ, оның жалпыадамзаттық құндылықтарды насихаттауға толы шығармалары бүкіл халықаралық қауымдастыққа жатып, әлемдік мәдениеттің бөлігі болып табылатындығына тоқталды.

Сонымен қатар, қалалық №34 орта мектептің директоры Динара Нуралиева ақынның «Қалқам-ай, мен үндемей жүремін көп» өлеңін мәнерлеп оқыса, өңірлік «Ассамблея жастары» РҚБ белсендісі Аяна Ким «Қалың елім, қазағым, қайран жұртым» шығармасын көпшілікке ұсынды.

Абайдың қара сөздері – көркем әңгіме емес, ғақлиялық даналық сөздер. Танымдық кеште Жуалы аудандық «Мыңбұлақ» халық театрының режиссері Ербол Бекжанов, өңірлік «Ассамблея жастары» РҚБ мүшесі Эсмер Дурсунова ақынның қара сөздерінен үзінділер оқыды. Ал Ш.Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз инновациялық институтының магистрі Бақтияр Бекназаров ұлы ақынға арнап, жыр жолдады.

Кеш соңында К.Әзірбаев атындағы облыстық филармонияның әншісі Ерлан Ибаділдаев Абайдың «Өлсем орным қара жер сыз болмай ма?» әнін тамылжыта орындады.

Шара соңында мекеме басшысы Мубарак Қасымқызы Абай жырларын оқып, насихаттап жүрген жастарға «Әлемді аялаған сөз» атты еліміздегі этнос өкілдерінің ақын жайлы жазбалары жинақталған кітап тарту етті.

 

«Ақпараттық жұмыс және қоғаммен байланыс» бөлімі